Депутат қаланың экологиялық жағдайы туралы: "Теміртауды Түтінтау деуге болады"
"Қазір Теміртауды Теміртау емес, шын мәнінде "Түтінтау" деп айтуға болады. Бұл қалада жерге жауған аппақ қар қорқынышты қара түске айналады. Ащы түтін мен улы газға тұншығып, жөтеліп, қара қардың үстінде жүру тұрғындардың жанына да батады".Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай
Мәжілісменнің айтуынша, "АрселорМиттал Теміртау" 28 жыл бойы еңбек заңнамасын сақтамаған, жұмысшылардың құқығын қорғамаған, еңбек қауіпсіздігін сақтамағандықтан шахталардағы жарылыстан жүздеген адам қаза тапқан. Сонымен қатар модернизация жүргізілмеген, өндіріс құрал-жабдықтары тозған, экологиялық құрал-жабдықтар жаңартылмаған, сол себепті бүгінде зиян шығарындылар белгіленген нормадан бірнеше есе жоғары.
Осылайша әлемнің 18 елінде өндіріс орындары бар "АрселорМиттал" компаниялар тобынан атмосфераға шығарылатын зиян заттардың 50%-ға жуығы Теміртау зауытынан келеді. Бұл зауыт - көмірді пайдаланатын жалғыз кәсіпорын.
"Жыл сайын өндіріс орнынан қоршаған ортаға таралатын қауіпті қалдықтардың көлемінен бірнеше есе асып түсуі, тұрмыстық сарқынды суларды ағызған кезде экологиялық талаптардың сақталмауы азаматтардың денсаулығына зиянын тигізеді, сонымен қатар қала маңындағы өзендерді ластайды. ДДСҰ мәліметі бойынша, адам денсаулығына ең қауіпті жағдай – қоршаған орта ауасының ластануы. Оның салдары түрлі ауру көбеюіне әкелетіні белгілі".Аманжол Алтай
Мәселенің маңызын ескере отырып, депутат мына нәрселерді сұрайды:
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ тәуелсіз экологиялық сараптама аудитін жүргізу;
модернизация жасау, заманауи экологиялық қондырғыларды, автоматты бақылау құрылғыларын орнату;
жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтауын қатаң бақылауды қамтамасыз ету, жалақыны көтеру;
қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту.