Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде қызметтерді цифрландыруға өзгерістер енгізілді
Заң жобасының мақсаты - жер қатынастары саласындағы заңнаманы, аталған салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетуді цифрландыру және электрондық форматқа көшіру арқылы жылжымайтын мүлікке және қала құрылысына құқықты тіркеуді жетілдіру.
Заң жобасын қабылдау тұрғындар мен бизнес-құрылымдарының жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа қолжетімдігін қамтамасыз етуге, жер қатынасы және қала құрылысы саласында жемқорлық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша қосарланған процестерді алып тастауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 2020 жылғы 7 желтоқсанда келіп түскенін және 2022 жылғы 26 қазанда бірінші оқылымда мақұлданғанын атап өту қажет. Заң жобасын қарау барысында Мәжілісте депутаттар заң жобасының мақсаттарын іске асыруға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.
Осылайша, заң жобасының үкіметтік нұсқасына сәйкес жер беру екі тәсілмен:
- электронды форматта тікелей беру жолымен;
- сауда-саттық өткізу жолымен регламенттелді.
Еліміздің аумағы интернетпен толық қамтылмауына байланысты техникалық мүмкіндіктердің болмауы ескеріліп, республикалық маңызы бар қалалар, Астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде ғана электрондық форматта жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданды. Бұл ретте жерге тиісті құқық беру Қазақстан Республикасының жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларынан және мемлекеттік органдардың өзге мәліметтерінен алынатын цифрлық ақпаратты көрсететін жария кадастрлық карта арқылы «электрондық үкімет» веб-порталында жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған аумақтарда жер учаскесіне құқық беру процестерін автоматтандыруға байланысты жер комиссиясы институты, сондай-ақ уәкілетті органның жер-кадастр жоспарын әзірлеу және бекіту алып тасталынады.
Бұл ретте кенттің, ауылдың және ауылдық округтің жері үшін және жердің қалған санаттары бойынша жер заңнамасында регламенттелген жер берудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
Тұрғындар мен бизнес-құрылымдарының инфрақұрылымның жәй-күйі, қуатты (электр-жылу-сумен жабдықтауды) брондау мүмкіндігі, табиғи монополия субъектілері желілеріне қосылуға техникалық шарт беру мерзімін қысқарту туралы өзекті және сенімді ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында да табиғи монополия субъектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесіне ақпараттар беруді міндеттеу ұсынылады.