Енді банктер мен МҚҰ жеке кәсіпкерге несие берместен бұрын оның төлем қабілеттілігін талдайды
Нені өзгерту жоспарлануда:
- банктер, оның ішінде интернет-ресурста төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша тарифтер туралы өзекті ақпаратты жариялау жөніндегі талаптарды бекітеді;
- кәсіпкерлік мақсаттарға байланысты емес банктік қарыз немесе микрокредит беру кезінде жеке тұлғаның жұбайының (зайыбының) келісімін алуға ерекшелік енгізіледі;
- электрондық тәсілмен кредиттеу кезінде дара кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларды қолдану қажеттілігі бойынша талаптар алынып тасталады.
Бұдан өзге, алынатын кредит мөлшері 2700 АЕК-тен асатын ЖК ретінде тіркелген қарыз алушыны сапалы бағалау мақсатында қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін талдауға қойылатын талаптарды белгілеу ұсынылады.
Атап айтқанда, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит берілгенге дейін банк немесе МҚҰ бекітілген кредиттік саясат шеңберінде қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдау рәсімін жүргізетіні нақтыланды.
Банк немесе МҚҰ, егер қарыз алушы дара кәсіпкер ретінде қызметті алты айдан аз мерзімге жүзеге асырса немесе кәсіпкерлік қызметтен айналымдар (тұрақты және жеткілікті кірістер) болмаған жағдайда, мынадай факторларды ескере отырып, қарыз бергенге дейін қарыз алушының кредит қабілеттілігіне 2700 АЕК-тен (2024 жылы 9 968 400 теңге) асатын мөлшерде талдау жүргізеді:
- қарызды өтеу үшін өзге де кіріс көздерінің немесе кепілгерлердің болуын;
- несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуын;
- борыш жүктемесін;
- қарыздар бойынша төлем тәртібін (кредиттік тарих);
- банктің скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингін (бар болса);
- өзге де берешектің болуын;
- банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операцияларды;
- ақшаны нысаналы пайдалану туралы ақпаратты;
- қарыз беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуын ескере отырып, қарыз алушының кредит қабілеттілігіне талдауды жүзеге асырады.
Сондай-ақ, егер қарыз алушы қызметін алты айдан астам мерзімде дара кәсіпкер ретінде жүзеге асыратын болса, банк республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген жиырма жеті мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде қарыз берген кезде мынадай факторларды ескереді:
- кәсіпкерлік қызметтен айналымдардың (сенімді және жеткілікті кірістердің) болуы;
- несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуын;
- борыш жүктемесін;
- қарыздар бойынша төлем тәртібін (кредиттік тарих);
- банктің скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингін (бар болса);
- өзге де берешектің болуын;
- банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операцияларды;
- ақшаны нысаналы пайдалану туралы ақпаратты;
- қарыз беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуын ескере отырып, қарыз алушының кредит қабілеттілігіне талдауды жүзеге асырады.
Түсіндірме жазбада жоба төлем қызметтері нарығындағы бәсекелестікті күшейту, кәсіпкерлік мақсаттарға алынатын кредиттер бойынша ерлі-зайыптылардың келісімін алу қажеттілігін болдырмау, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің микрокредитті электрондық тәсілмен алу тәртібін оңайлату жолымен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әзірленгені айтылған.
Әзірлеушілер түзетулерді қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ережелердің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізбейді деп мәлімдейді.
Жоба 2024 жылдың 4 қазанына дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.