Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның функцияларын өзгертті
Фото: freepik
Атап айтқанда, ЖАП туралы ережеге өзгерістер енгізілді.
ЖАП-тың міндеті нақтыланды:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде бюджетке өтемақы өндіруді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепте көрсету және (немесе) азайту, нұсқаманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа талап қою.
Сонымен қатар ЖАП-қа бюджеттен тыс қорлардың тиімділігі мен сәйкестігіне аудит жүргізу құзыреті берілді.
Түзетулерге сәйкес, ЖАП функцияларына мыналар енгізілді:
- республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау қағидаларын әзірлеу;
- республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау;
- мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету (жаңа функция);
- мобилизациялық дайындық пен мобилизация бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу (жаңа функция).
Сонымен бірге Президенттің "Республикалық бюджет жобасын, шығыстардың негізгі бағыттары бойынша нақтыланған республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау қағидаларын бекіту туралы" Жарлығына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, құжаттың атауы мынадай редакцияда берілді: "Республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау қағидаларын бекіту туралы".
Жарлықта бюджет жобасын бағалау келесі мәселелерді қамтиды делінген: жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасының көрсеткіштерінің негізділігіне талдау жүргізу, бюджет жобасын әзірлеуге арналған нормативтік құқықтық және әдістемелік базаның бар-жоғын және жеткіліктілігін анықтау, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата әзірлеген ұсыныстармен бірге бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасы Үкіметіне және Парламентіне ұсыну.
Бюджет жобасын бағалау барысында Жоғары аудиторлық палата жобадағы шығыстардың жалпыұлттық басымдықтарға, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, ұлттық жобалар мен мемлекеттік органдардың даму жоспарларының нәтижелеріне, Үкіметтің республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебіне байланысты өз қорытындысы мен ұсынымдарына сәйкестігіне назар аударады. Қажет болған жағдайда құжаттар мен материалдардың шынайылығын растау үшін ЖАП бюджет бағдарламаларының әкімшілерінен және бюджет процесіне қатысушылардан құжаттар мен ақпарат сұратады, сондай-ақ бағалау нысанында немесе мемлекеттік аудит объектісінде жүргізілген аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларының материалдарын пайдаланады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет туралы заң тиісті жоспарлы кезеңге бекітілгеннен кейін отыз жұмыс күні ішінде ЖАП-қа бюджет жобасын бағалау қорытындысында көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты жібереді.
Бұдан бөлек, өзгерістер саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне енгізілді.
Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы "В" санатындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдар корпусының құрамына енгізілді.
Жарлық 2025 жылғы 18 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.