Қазақстандықтар есту қабілеті бұзылған жағдайда есту аппараттарымен қамтамасыз етіледі
Сурет: pixabay
Стандарт 59-1-тармақпен толықтырылды, онда мынадай мазмұн бекітілген:
"Есту функциясының бұзылуын өтейтін медициналық бұйымдармен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету және оларды ауыстыру Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 284 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бұйрықта мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдардың, арнайы қозғалыс құралдарының және қызметтердің классификаторы бекітілген".
Медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі жоқ адамдарға есту протездік көмегін ұсыну туралы шешімді жергілікті өкілді органдар қабылдайды.
Медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі жоқ адамдарды есту протездік көмегімен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органдары медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі жоқ адамдарға есту протездік көмегін қамтамасыз ету үшін медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады.
Есту аппараттарын, оның ішінде сүйек өткізгіштік аппараттарын ауыстыру олар орнатылған кезден бастап 4 жыл өткен соң, оларды берген есту протездеу кабинетінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Ортаңғы құлақ пен сүйек өткізгіштік импланттарына арналған сөйлеу (аудио) процессорларын ауыстыру 5 жылда бір рет жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұйрық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.