Данияр Ақышев Парламентте еліміздегі қаржы ахуалы туралы баяндады
Zakon.kz
Жыл басында бағам 1 доллар үшін 333,29 теңге, 15 қарашадағы жағдай бойынша 332,72 теңге болды.
Ақша-кредит және салық-бюджет саясатының келісімді болуы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында сөз сөйлегенде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтты, - деп хабарлайды Елорда инфо Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы қызметіне сілтеме жасап.
Данияр Ақышев Ұлттық Банк «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына салынған өлшемдерді қолдайды және қаржы реттеушісі өткен жылдардағыдай республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін эмиссияны жүзеге асыруды жоспарлап отырған жоқ деп атап өтті.
«Ұлттық Банк өз құзыреті шегінде еркін өзгермелі бағам режимі сақталған кезде инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуін жалғастырады. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны 2018 жылы 5-7% және 2019 жылы 4-6% шеңберінде ұстау және кейіннен 4%-ға дейін төмендету Ұлттық Банктің негізгі басымдығы болып қала береді», — деді Д. Ақышев.
«Инфляция 2017 жылғы қаңтар – қазан аралығында 5,4% болды. Инфляция жылдық көрсеткіш бойынша, яғни 2016 жылғы қазаннан бастап осы жылғы қазан аралығында 7,7% болды, бұл 2017 жылға белгіленген 6-8%-дық дәлізге сәйкес келеді», — деп айтты қаржы реттеушісінің басшысы.
Ұлттық Банктің Төрағасы атап өткендей, Қазақстандағы ақша құнының негізгі индикаторы ретінде базалық мөлшерлеме ағымдағы жылы 12%-дан 10,25%-ға дейін төмендетілді. Оның болашақтағы серпінінің перспективалары инфляция деңгейі мен инфляциялық күтулерге де, сыртқы нарықтардағы ахуалға да байланысты болады.
Валюта нарығындағы жағдай тұрақты екендігін айтқан Данияр Ақышев:
«Мұнай бағасы және сауда-әріптес елдердегі айырбастау бағамдары сияқты сыртқы факторлар қолайлы болып қалуда. Теңгенің айырбастау бағамы іргелі факторлардың серпініне сәйкес келеді және бәсекеге қабілеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Теңгерімсіздік байқалмайды. Жыл басымен салыстырғанда теңге бағамы іс жүзінде өзгерген жоқ. Номиналдық көрсеткіш бойынша нығаю 0,2%-ды құрады. Жыл басында бағам 1 доллар үшін 333,29 теңге, 15 қарашадағы жағдай бойынша 332,72 теңге болды», — деді.
Сондай-ақ 10 айда Ұлттық Банктің халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 7,8%-ға ұлғайып, 32 млрд. АҚШ доллары болды. Ұлттық қордың валюталық активтері 56 млрд. АҚШ долларын құрады. Ел резервтерінің жалпы сомасы 88 млрд. АҚШ долларын немесе ІЖӨ-нің 60%-ын құрады.
«Ақша нарығында өтімділіктің шамадан тыс көп болу жағдайы сақталуда. Инфляциялық тәуекелдердің алдын алу үшін оны Ұлттық Банк алуда. Бұл ретте бізде ақша нарығындағы ахуалды икемді басқаруға, оның ішінде қажеттілік туындаған кезде өтімділікті толықтыруға мүмкіндік беретін құралдар жеткілікті», — деп атап өтті Ұлттық Банк Төрағасы.
«Депозит нарығында долларсыздандыру процестері жалғасуда. Шетел валютасындағы депозиттер үлесі жылдың басындағы 55%-дан қыркүйекте 49%-ға дейін төмендеді. Тұрақтылықтың және ішкі валюта нарығындағы болжам жасаудың сақталуы, инфляция деңгейінің төмендеуі қаражатты теңгемен жинақтауды одан әрі ынталандырады деп күтіледі», — деді Д.Ақышев.
Оның айтуынша, кредиттеу нарығы біртіндеп қалпына келуде. 2017 жылғы 9 айда банктер берген кредиттер көлемінің ұлғаюы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4%-ды құрады. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 11%-ға 9,5 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінен кейін 2016 жылғы желтоқсандағы 14,5%-дан қыркүйекте 14%-ға дейін төмендеді.
Қорытындылай келе, Ұлттық Банк Төрағасы қаржы реттеушісінің басым міндеттерінің бірі банктердің тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылатынын, бұл экономиканы кредиттеуді қалыпқа келтіру үшін қажет екендігін атап өтті. Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы іске асырыла бастады, оның нәтижесі банк секторының қалыпқа келуі болады. Сондай-ақ Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараларды қолданады, бұл экономиканың ұзақ мерзімді орнықты өсуі және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін негіз жасайды
Фото: elorda.info
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript