Гаухар Алдамбергенова: Ұлағат ұясы өрелі істердің ұйытқысы
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Осы жылдар белесінде қоғамымызда ғасырларға татитын аса ауқымды өзгерістер болды. Аға буынның бірнеше легі ауысып, өскелең ұрпақтың көптеген буыны тарих сахнасына шықты. Қоғамдық қатынастар алмасты, құндылықтар жаңарды. Адамзат дамуы сан қилы кезеңдерді бастан өткерді.
Қыздар университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Алдына қазіргі уақыт талабына толық жауап бере алатын педагог кадрларды даярлауды мақсат етіп қойған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің қызметін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізеді. Университеттің 6 факультетіндегі 28 кафедра бакалавр бойынша – 42, магистратура бойынша – 23 және PhD докторантура бойынша 4 мамандық негізінде мұғалімдер дайындайды.
Сонымен қатар, сырттай оқу бөлімінің студенттері 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистрлер мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторанты мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 30 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясын осы жылдар аралығында мыңдаған түлек бітіріп шықты. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар.
Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады.
Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Еліміздің әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджін бұдан да мықтырақ ету үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейту қажеттігі турасында сөз қозғалып келеді. Бұл тұрғыда университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады.
Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын.
Қазақстанда отбасы, әйел және бала сұрақтары бойынша жеткілікті құқықтық негіз және қоғамның отбасы маңыздылығын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін түсіну қалыптасқан. Осы саясатты нығайту мақсатында университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аймағында бірден-бір екенін ерекше атап өткім келеді. Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсатының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру. Институт гендерлік теңдік идеясын дамытуды білікті педагог кадрларын дайындау және ғылыми-зерттеулер арқылы іске асырады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институты еліміздің эгалитарлы саясатын іске асырудағы шешуші орталық.
Институт барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейтуді негізге алған. Институт өз жұмысын Гендерлік педагогика, Этногендерология және Отбасылық саясат басымдықтарын негізге ала отырып жүргізеді. Осы орайда ерекше атап өткім келеді, Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты 2019 жылы ЮНЕСКО деңгейінде халықаралық мәртебе алуды жоспарлап отыр.
Қазақстан өркениетке қарай өнегелі жолмен дамудың жаңа өнеркәсіптік кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, стратегиялық құжатта білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді.
Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігін де алға тартып отыр. Осы межелерді орындау барысында еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер қолға алынды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектеп мәселесі, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Біздің ойымызша, аталған міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түсу керек. Бұл осы аталған міндеттердің орнықты іске асуына ұйытқы болмақ.
Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеруге де басты назар аударған абзал. Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді.
Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. 70-жылдан астам уақыт белесінде Қыздар университетінде ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі жүйеленді.
«Мұғалім – адам жанының инженері». Нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. 73-ші оқу жылын өткеріп отырған Қыздар университеті кемел келешекке осындай айқын мақсат қойып отыр.
Гаухар Алдамбергенова
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор