Гаухар Алдамбергенова: Білімнің бәсі қашанда биік
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі ұлттың рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған құнды құжат. «Бес әлеуметтік бастама» – біздің ұлттық және әлеуметтік бірлігіміздің бір мақсатқа ұйыстырған діңгегі мықты платформамыз. Үндеудегі бес бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналды, деп жазады zakon.kz.
Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатса, олардың 30 процентке жуығы мемлекеттік білім беру грантының иегері. Мемлекет басшысы енді жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін алға тартты. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып отырған қамқорлық деп қабылдадық. Мемлекет басшысы Үндеуде: «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», – деп атап көрсетті.
Осыған орай жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тұрғыдан келгенде Қыздар Университеті жатақханаға мұқтаж студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Десе де бұл орайда туындап отырған бірнеше мәселе бар. Атап айтар болсақ, университет қалашығындағы жатақханаларда ұзақ уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Кәріз жүйелері тозығы жетіп, басым бөлігі істен шығу қарсаңында тұр. Олқылықты жайттар орын алмас үшін кәріз жүйелерін дер кезінде жаңалап, қалпына келтіру шаралары жасалғаны абзал болар еді. Ал, бұл мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі.
Десе де университет бюджетінде мұндай көлемдегі қаржының жоқтығы қол байлау болып отыр. Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы да Мемлекет басшысының міндеттемелерін нақты іс жүзінде орындау мақсатында жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, ордалы оқу орындағы білім жүйесін жетілдіре түсу мақсатында қолға алынатын істердің бірі – Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет базасында «Қазақстан жас педагог-ғалымдар ассоциациясын» құрылды. Жоғары оқу орны аталған жобаны Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы негізінде іске асырылды.
Ассоциацияның негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, ғылым мен білімді ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының өндіріске енуіне ықпал жасау. Бұған қоса, ассоциация «Ой-талқы» атты тренингтер, қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырып, ұйым мүшелерінің кәсіби дамуын қалыптастыруға күш салады. Бір бұл ғана емес. Онда шетелдік жоғары оқу орындарымен, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдарының халықаралық ұйымдарымен байланыс орнату да көзделіп отыр. Ассоциация биылғы жылдың 26 сәуірде университет қабырғасында өтетін Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I слёті қарсаңында өз жұмысын бастайды. Айта кетейік, аталған форумға 25 педагогикалық жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысады деп күтілуде.
Қыздар Университетінде мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. Осы мақсатта биылғы жылдың басында оқу орны «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығымен бірлесіп «Мектепке дейінгі балаларды өздігімен оқуға үйрету және әлеуметтік дағдыларын дамытудың теориялық, әдістемелік мәселелері» атты алқалы басқосу өткізді. Қолға алынатын бастамалардың қатарында «Полиглот» орталығын ашу да бар. Ол университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің тілдік біліктілігін арттыру мақсатында қызмет атқармақ. Орталықта ағылшын, қазақ, орыс, түрік, қытай, француз және неміс тілдерін тереңдете оқыту қолға алынады. Сондай-ақ, аударма қызметі (консалтинг) көрсетілетін болады.
Ынтымақтастық ырысқа бастайтыны белгілі. Қазіргі таңда Қыздар Университеті әлем елдерінің 30-дан астам жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Үндістан, Франция, Қытай, Германия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар. Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Түркияның Нийде Омер Халисдемир Университетінің ректоры Мухсин Кармен бастаған делегация келіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым мен мәдениет, ғылыми-зерттеу саласы аясындағы ынтымақтастықты дамытуды қарастырады. Сонымен қатар, «Мевлана» бағдарламасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағдарлама бойынша 2018-2019 оқу жылында білім алуға ниет білдірген 30-ға жуық профессор-оқытушы мен білім алушының құжаттары рәсімделіп, Түркияның конкурстық комиссиясына жіберілді. Биыл «Дара» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жоғары оқу орнының базасынан алғаш рет Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз.
Бұл кабинет мүмкіндігі шектеулі балалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасайды. Ал, «Ақ жол» атты бала бақшаны ашу арқылы Co-working практикалық-бағыттағы оқыту алаңын жасауды қамтамасыз ететін боламыз. Ол Алматы қаласындағы мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту жүйесіне қолдау көрсетеді.
Қолға алынған жобалар қатарында тек ағылшын тілінде білім беретін Қыздар колледжі де бар. Колледж университетте білім алуды жалғастыратын бакалавриат контингентін дайындауды жүзеге асырады. Сөз соңында Мемлекет басшысының үндеуінде атап көрсетілген бастамалар елімізде азаматтардың болашағына деген қамқорлықтың нақты іс жүзінде орындалатындығының нақты нышаны. Әрбір отандасымыз осыны саналы түрде ұғынса ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады.
Гаухар Алдамбергенова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор