Гаухар Алдамбергенова: Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауын еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алды, дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.
Елбасы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында Елбасы жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ.
Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер. Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті нарықта тек жоғары білім бере алатын жоғары оқу орындары қалу керектігін баса айтты. Расында да білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады.
Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Бізді Елбасының әдеттегідей жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі ерекше қуантты. Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетеді.
Мемлекет басшысы ұсынған Жолдау Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Себебі, Жолдауда көрсетілген басымдықтар ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады.