52 адам қаза болған автобус өрті: Тергеу мерзімі үшінші рет ұзартылды
Ақтөбеде Өзбекстан азаматтары қаза болған автобус өртіне қатысты тергеу мерзімі үшінші рет ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Автобус жүргізушілері Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовқа қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу 12 маусымға дейін жалғасатын болды.
Еске салсақ, биыл 18 қаңтар күні Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» автожолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам ажал құшқан болатын. Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды.
Өртте аман қалған бес адамның үшеуі - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов автобус жүргізушілері.
26 қаңтар күні оларға 24 наурызға дейін қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Кейін санкция мерзімі сәуір айына дейін ұзартылды.
Айта кетейік, бұған дейінгі тергеу барысында жүргізушілер өз кінәларын мойындаған жоқ.