Данияр Ақышев: Ұлттық валютадағы депозиттер жарты жылда 2,6%-ға өсті
Мамырдың соңында банктердегі депозиттер 16,9 трлн теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен депозиттер қаңтар-мамырда 9,4 трлн теңгеге дейін 2,6%-ға өсті, шетел валютасымен – 7,5 трлн теңгеге дейін 10,2%-ға төмендеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасы Данияр Ақышев Үкіметтің «Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылуының 2018 жылғы 1-жартыжылдықтағы қорытындылары туралы» отырысында сөз сөйлеген кезде айтып берді деп хабарлайды zakon.kz.
Ол нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі мамырда 44,4%-ға жеткенін атап өтті.
«Банктердің кредиттері мамырдың соңында 12,7 трлн теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен кредиттер қаңтар-мамырда 9,6 трлн теңгеге дейін 2,2%-ға өсті, шетел валютасымен кредиттер 3,1 трлн теңгеге дейін 5,8%-ға төмендеді. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі ағымдағы жылғы 5 айда 1%-ға өсіп, 10,9 трлн теңге болды», - деп хабарлады Д. Ақышев.
Ол жаңа кредиттер беру өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 23,9%-ға немесе 915,1 млрд. теңгеге ұлғайғанын қоса айтты. Кәсіпорындарға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме 2017 жылғы желтоқсандағы 13,2%-дан 2018 жылғы мамырда 12,5%-ға дейін төмендеді.
Сондай-ақ Д.Ақышев Мемлекет басшысы Ұлттық Банк әзірлеген, сақтандыру қызметін жетілдіруге және отандық қор нарығын дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға және тәуекелге бағдарланған қадағалауды және қалыпты талаптарға қосымша кәсіби бағалауды көздейтін уәжді пайымдауды енгізуге, сондай-ақ банктердің акционерлері мен меншік иелерінің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңға қол қойғанын хабарлады.
Қорытындылай келе, Д.Ақышев маусымның басында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жұмыс істей бастағанын еске салып өтті.
«Қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдау және «Баспана» арнайы ұйымын құру Ұлттық Банк жұмысының қорытындысы болды. Бағдарламада 25 жылға дейінгі мерзімге тұрғын үй құнынан 20% бастапқы жарнамен 7% мөлшерлеме бойынша ипотекалық қарыздарды ұлттық валютамен беру болжанады. Бұл ретте Бағдарлама нысаналы мемлекеттік қаржыландыруды талап етпейді және қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама шеңберінде алғашқы қарыздар берілді», - деп түсіндірді Д.Ақышев.