Ақышев қаржы секторын цифрландырудың өзекті мәселелері туралы айтып берді
Қаржы секторы цифрлық технологиялар белсенді түрде пайдаланылатын негізгі салалардың бірі болып табылады. Қаржылық қызмет көрсетудің өзі IT инфрақұрылымды және цифрлық шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Үкіметтің отырысында «Қаржы секторын цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді. Бұл туралы zakon.kz Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Д. Ақышев соңғы жылдары Интернет және мобильдік қосымшалар арқылы онлайн-қызметтер көрсету қаржы саласындағы ең маңызды үрдіс болғанын атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық банктерінде дерлік қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Мобильдік банкинг қызметтерін банктердің 60%-ы көрсетеді, олар банктердің бүкіл клиенттер базасының шамамен 90%-на қызмет көрсетеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген, олардың 30%-ы дерлік операцияларды тұрақты түрде жүргізеді.
«Күн сайын халық цифрлық банкинг арқылы 6 миллиард теңге сомаға 400 мың транзакция жүргізеді. Бизнес субъектілері қаржы операцияларының жетпіс пайызына да қашықтан қызмет көрсетіледі», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.
Ол сондай-ақ клиенттерге қызмет көрсетуді оңтайландыру үшін мемлекеттік органдармен электрондық өзара іс-әрекет жасауға көшу іске асырылып жатқанын атап өтті. Ағымдағы сәтте мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасау үшін мыналар қамтылатын бірқатар жаңа сервистер енгізілді: банктердің бюджетке қабылданған төлемдер туралы ақпаратты жедел мемлекеттік қызмет көрсету үшін ақы төлеуге бастама жасалған сәттен бастап 15 минут ішінде мемлекеттік органдарға беру; заңды тұлғалар мемлекеттік тіркелген кезеңде оларға электрондық үкімет арқылы банктік шотты онлайн ашу, қазіргі кезде 4 банк осы сервис арқылы қаржылық қызмет көрсетеді, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар, салық берешегі жөніндегі ақпаратқа жедел қолжетімділік алу үшін банктерді мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыс жалғасуда.
«Клиенттерге қаржылық қызмет көрсету кезінде олардан талап етілетін қағаз нысандағы анықтамаларды жою мәселелері қаржы секторы үшін маңызды болып отыр. Біз жүргізген талдау клиенттердің қазіргі кезде қаржы ұйымдарына анықтамалар мен мәліметтердің 40-қа жуық түрін қағаз нысанда беретінін көрсетіп отыр. Бүкіл осы ақпарат мемлекеттік органдардың жүйелерінде бар және қаржы ұйымдары оны мемлекеттік қорлардан тікелей алуына болады», – деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Д. Ақышевтың айтуынша, осы міндетті шешу шеңберінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп тиісті Жұмыс тобы құрылды, Жол картасы әзірленді және қажетті жұмыс жүргізілуде.
«Ұлттық Банк жаңа технологияларды енгізуге байланысты жобаларды да іске асыруда. 2018 жылғы наурыздың соңында блокчейн технологиясы базасында «Invest Online» жүйесі іске қосылды. Осы платформаның көмегімен клиенттер онлайн-режимінде Ұлттық Банктің бағалы қағаздарына қаражатты орналастырады. Бүгінде жүйеде сатылған қағаздар көлемі 145 миллион теңгеден асып кетті», - деді сөзін қорытындылай келе Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.