Израиль Сирияның әскери ұшағын атып түсірді
Израиль әуе күштері Голан жоталарында Сирияның әскери ұшағын атып түсірді, деп хабарлайды Хабар 24.
Әзірге ұшқыштың жағдайы туралы хабар жоқ. Израиль Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұшақ ел аумағының кеңістігіне 2 шақырымға дейін кіріп кеткен. Алйда ресми Дамаск бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр. Сирия тарапының мәлімдеуінше, ол шекара маңындағы лаңкестік топтарға соққы беріп, көрші мемлекеттің аумағына өтпеген.
Еске сала кетейік, Изариль Голан жоталарын 1967 жылғы 6 күндік соғыс кезінде басып алған болатын. 7 жылдан кейін қос тарап соғысты уақытша тоқтату туралы келісімге келеді.
- Бұл 1974 жылғы келісімді өрескел бұзу болып табылады. Біз шекара маңында бұндай әрекетке жол бермейміз. Сондықтан Сирия тарапын аталған келісімді сақтауға шақырамыз, - деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Ал соңғы мәліметтерге қарағанда Сирия әскерилері Иордания мен Израиль шекарасы маңындағы Эль-Кунейтра мен Дераа аймағына бекінген лаңкестерге әуеден соққы беруде. Қазірге дейін үкімет жасақтары екі елдің шекарасына жақын жатқан бірнеше елді мекенді азат еткен.