Түрік лирасының құнсыздануы шетелдік банктерге қауіп төндіріп тұр
Биыл жыл басынан бері түрік лирасы долларға шаққанда, шамамен 40 пайызға құнсызданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл тек жергілікті қаржы саласына емес, шетелдік банктерге де қауіп төндіріп отыр.
– Түрік лирасының құнсыздануы тек жергілікті қаржы саласына емес, шетелдік банктерге де қауіп төндіріп отыр. Мысалы, экономикалық дағдарыс Түркия еліне миллиардтаған доллар несие берген Испания, Франция және Германиямен қатар, бірқатар мемлекеттің банктеріне кері әсер етуі мүмкін, - деді тілші Меруерт Памбетова.
Биылғы қаңтар айынан бастап түрік лирасы долларға шаққанда шамамен 40 пайызға құнсызданды. Соңғы күндерде елде ұлттық валюта көтерілсе де, 1 доллардың орташа бағамы 6 түрік лирасына тең күйінде сақталып отыр. Ал бұл жағдайдың халыққа оңай тимесі анық.
– Нидерландта өмір сүремін. Бір жарым ай бұрын 1 еуроның құны 5,3-5,4 түрік лирасына тең еді. 45 күнде еуроның құны 7,5-8 лираға көтерілді. Қолымдағы заттарды шамамен 30-35 лирасына алдым. Бұл көкөністерді 2-3 апта бұрын жарты бағасына, яғни 15-20 лираға алуға болатын еді. Шет елде өмір сүргендіктен, маған қатты әсер етпейді. Ал жергілікті халыққа оңай емес, - дейді Нидерланд азаматы Ялчын Кочер.
Валюта бағамындағы өзгерістерден соң дүкен сөрелеріндегі тауарлардың құны шарықтап шыға келді. Оған себеп, өнімдер сауда орталығына өндіріс орнынан тікелей емес, бірнеше делдал арқылы тасымалданады.
– Елдегі инфляция салдарынан сатып алу қабілетіміз төмендеп кетті. Барлық тауар қымбаттаған. Кешкі асқа күріштен дайындалатын ас ішудің өзіне шамамен 30 лира кетейін деп тұр. Ет ала алмаймыз. 1 келі ет 80 лираға дейін көтерілген. 2 ай бұрын 100 лираға жеміс-жидегімді, көкөнісімді, қажетті азық-түлігімді алатынмын. Қазір бұл заттарға 170-180 лира төлеуім керек, - дейді қала тұрғыны Муберра Шахин.
Ал Түрік үкіметі қаржы дағдарысынан шығу үшін 2019-2021 жылдарға арналған жаңа экономикалық бағдарламаны іске қосты. Ол бойынша, 2018 жылы елдің ішкі өнімі 3,8%-ға, 2019 жылы 2,3%-ға, 2021 жылы 5%-ға артпақ.
– Түркияда инфляция деңгейі өскенімен, ағымдағы шоттың дефициті тұрақталып келеді. Жаңа экономикалық бағдарламаға сәйкес, 2018-2019 жылдары жағдай реттелуі тиіс. Ал 2020-2021 жылдары заманауи технологиялар мен өсім бағдарламалары жүзеге асырылған жағдайда бұл дағдарыстан шығуға болады, - деді Бахчешехир университетінің оқытушысы, экономист Исмет Дермиркол.
Түркиядағы ұлттық валютаның күрт арзандап кетуіне бірнеше фактор әсер еткен. Атап айтқанда, АҚШ пен Түркия қатынасының нашарлап кетуі, Ақ үйдің түрік тауарларына баж салығын арттыруы, сондай-ақ елдегі инфляция деңгейінің өсуі сынды бірқатар ішкі және сыртқы жағдай түрткі болды.