«Астана клубының» 4-отырысында «2019 жылғы Еуразиядағы жаһандық қатерлердің рейтингісі» корсетіледі
"Астана Клуб" халықаралық пікірталас алаңының биылғы жұмысының басты қорытындысы “2019 жылғы Еуразиядағы жаһандық сын-қатерлердің рейтингісі” халықаралық зерттеуі болмақ. Зерттеудің мақсаты Еуразия аймағы мен бүкіл әлемдегі өзекті геосаяси және геоэкономикалық үдерістерді бағалау.
Жалпы, зерттеуге 60 мемлекеттің 1000-нан астам сарапшысы қатысты. Оған қоса мемлекет басшыларына, халықаралық ұйымдар мен ірі бұқаралық ақпарат құралдарына сөзі өтімді 30-дан аса беделді саясаткерлер мен сарапшылар сын-қатерлерге қатысты көлемді түрде пікір білдірді.
Зерттеу авторлары қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары мен өз саласының мықты майталман мамандары бар:
- Мэтью Рожански – Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғылыми орталық жанындағы Кеннан институтының директоры;
- Дэн Смит – Әлем мәселелерін зерттейтін Стокгольм халықаралық институтының (SIPRI) директоры;
- Мэтью Барроуз – АҚШ Атлантика кеңесінің Стратегиялық болжау бастамасының директоры;
- Владимир Якунин – "Диалог цивилизаций" зерттеу институтының қадағалау кеңесінің төрағасы;
- Раджендра Пачаури – әлемнің Нобель сыйлығының лауреаты, POP (Protect Our Planet) халықаралық қозғалысының бас менторы және Тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік форумның президенті.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев дүниежүзілік рейтингті жасау идеясы мен алғышарттарына қатысты түсініктеме берді:
“Тарихи тұрғыдан алғанда барлық ауқымды жаһандық үдерістер Еуразияда болады, алжаһандық өзара байланыс дәуірінде кез келген шиеленіс немесе геосаяси үдеріс өңірдегі барлық елдердің тұрақтылығына әсер етуде. Бүгінгі күні сауда-саттық және санкциялық соғыстар, ұлғайып келе жатқан соғысқұмарлық жағдайында дауларды шешетін барлық аса маңызды халықаралық институттарға, соның ішінде БҰҰ мен ДСҰ қауіп төніп тұр. Иран мен Украинаға қатысты дағдарыстар да шешімін тапқан жоқ. Барлық аталған үдерістер жаһандық қауіпсіздік жүйесінің дағдарысы артып келе жатқанын куәландырады, бұл әлем үшін ең қауіпті салдар тудыруы ықтимал.
Сонымен қатар, оң үдерістер де жоқ емес. Жаңа өңірлік ұйымдар дамып жатыр, мысалы, ШҰЫ, ЕАЭК кеңейгенібайқалады, “Белдеу және жол” стратегиясы қарқынды дамуда. Осының барлығы Еуразия елдерінің өңірлік ынтымақтастыққа және ортақ ережелер бойынша жаһандандыруды дамытуға қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Осы орайда Еуразия қатерлі кезеңге таянды деуге болады. Ол не бірігуі, не жаһандық шиеленістің алаңына айналуы мүмкін. Бұл дилемманың шешілуі алдағы жылдардың еншісінде. Еуразиядағы барлық үдерістердің эпицентрінде орналасқан Қазақстан үшін барлық қарама-қайшылықтардың бейбіт түрде, әрі ортақ келісіммен шешілгені маңызды. Сондықтан Еуразияның жетекші елдері арасында тиімді диалогты құру Қазақстанның сыртқы саясатының аса маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл орайда біз дайындаған рейтинг осы диалог барысында талқыланатын мәселелер жиынтығын анықтауға бағытталған”.
Жыл сайынғы “Астана клубының” 4-ші отырысы Қазақстанның бас қаласында 12-13 қараша күндері “Назарбаев орталығында” өтеді.
“Астана клубының” басты миссиясы - жаһандық беталыстарды талқылау және дүниежүзі мен Еуразия аймағына әсер ететін ең маңызды мәселелердің шешімін іздеу, сондай-ақ әлемдік саяси-сарапшылық аудиторияға Қазақстанның ресми ұстанымын таныстыру.
Биылғы “Астана клубының” жұмысына әлемнің 30 елінен, соның ішінде Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Қырғызстан, Пәкістан, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Сербия, Словения, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония сияқты елдерден 50-ден астам спикер қатысады.
Форум қонақтары арасында бірқатар мемлекет және үкіметтің бұрынғы және қазіргі басшылары, беделді дипломаттар, білікті ғылыми орталық жетекшілері және әлемге танымал сарапшылар бар.
Іс-шараға 10-нан аса бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші президенті, геосаясат бойынша әлемдік бестселлердің 7 авторы, халықаралық қатынастар, геосаясат, экономика бойынша 21 беделді сарапшы келеді.
Олардың қатарында Польша мемлекетінің экс-Президенті Бронислав Коморовский, Ауғанстан Ислам Республикасының экс-Президенті Хамид Карзай, Словенияның экс-Президенті Данило Тюрк, Пәкістанның премьер-министрі Шаукат Азиз, Австрияның бұрынғы Сыртқы істер министрі және Еуроодақтың сыртқы байланыс пен көршілес Еуропалық саясат бойынша комиссары Бенита Ферреро-Вальднер, Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Франко Фраттини және т.б. бар.
Клубтың 4-ші отырысы аясында сарапшылар “Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құруға болады?” деген тақырып төңірегінде талқылайтын болады. Тақырып сауда-саттық және санкциялық соғыстар, жаһандық қауіпсіздікке төнген жаңа қауіп-қатерлермен байланысты әлемдегі және Еуропа өңіріндегі жаһандық үдерістерге қатысты таңдалды.
Сарапшылар жаңа геосаяси шынайылылықтың объектілері емес, субъектілері болып табылатын орта деңгейлі державалардың күшеюі мен қалыптасу жағдайындағы көпполярлы Еуразияның жаңа стратегиялық архитектурасының болашағына аса назар аударатын болады.
Клубтың панельді сессияларының барысында Үлкен Еуразия болашағының түрлі сценарийлері, Еуразиялық экономикалық одақтың “Белдеу және жол” бастамасының даму перспективасы, сондай-ақ Орталық Азиядағы трансформацияның заманауи үдерістері қарастырылатын болады.
Клубты ұйымдастырушылары - ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты.