Елордада жол қозғалысын ұйымдастыру орталығын құру қажет - Ерлан Тұрғымбаев
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен елордада жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр атап өткендей, 8 қазанда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте жыл соңына дейін жолдардағы жарақаттану мен кісі өлімін азайту үшін елордада жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Ағымдағы жылдың 10 айында елордада 469 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 29 адам қаза тауып, 590 адам жарақат алды. Бұл үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты, ІІМ-де өткен кеңес барысында жол қозғалысын ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шет елдердің ірі мегаполистерінің оң тәжірибесі қаралды, сондай-ақ елордада жолдардың өткізу қабілетін арттыру бойынша бірқатар шаралар ұсынылды.
"Астана жедел қарқынмен дамып, автомобиль саны өсіп келеді, сондықтан да жол қозғалысын ұйымдастыру әдістерін өзгерту, көлік және жаяу жүргіншілер ағындарын тиімді басқару қажет. Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерін кешенді түрде, оның ішінде жоғары технологияларды қолдана отырып, Жол қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай орталығын құру қажеттілігі туындап отыр", - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар такси-автомобильдерге арналған тұрақ желісін дамыту, соның ішінде автобус аялдамалары, сауда-ойын-сауық орталықтары, спорт ғимараттары, көрнекті орындар және басқа да азаматтар көп жиналатын орындар мәселесін талқылады.
Сонымен бірге кеңесте жол белгілері мәселелері қаралды.
Ерлан Тұрғымбаев:
"Жол таңбасын пайдалану мерзімін арттыру бойынша талаптарды арттыру қажет. Белгі тәуліктің жарық кезінде және қараңғы уақытында жақсы көрінуі тиіс. Бұл бірінші кезекте жүргізушілер мен жолаушылардың, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мәселесі", -деді.
Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз жағдай жасау қажеттілігі, соның ішінде ірі жаяу жүргіншілер өткелдеріне бағдаршам орнату, жер асты өткелдерінің құрылысы туралы ерекше атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша елордада жол жағдайын жақсарту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үздік әлемдік тәжірибесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүргізу бойынша кешенді ұсыныс әзірлеу туралы шешім қабылданды.