Діни ағымдардың ықпалына түскендерді телефон арқылы түзеу басталды
Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен немесе діни сипаттағы проблемаларға байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін "114 жедел желі" жобасы іске қосылды, деп хабарлайды zakon.kz.
"114 жедел желі" жобасы – бұл тегін қоңырау орталығы және чат-сайт, ол барлық ниет білдірушілерге дін туралы кез келген мәселелер бойынша кеңес береді, сондай-ақ деструктивті діни бірлестіктердің іс-әрекеттерінен зардап шеккендер үшін психологиялық және заң көмегін ұсынады.
Жобаны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде "Social Development Center" қоғамдық қоры іске асырады.
- 2019 жылы "Ізгі істер" қоғамдық қорының ақпараты бойынша, жарты жыл ішінде сенім телефонына Қазақстанның әр өңірінен 6 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Осындай сұранысқа байланысты жобаны қайта қолға алдық. Біздің мамандар өтініштерді екі тілде – қазақша және орысша, телефон арқылы немесе онлайн-режимде қабылдайды. "Жедел желінің" барлық операторлары білікті дінтанушылар және дінге қатысты барлық сұрақтарға кәсіби маман ретінде жауап бере алады. Егер мәселе белгілі бір маманның кеңесін қажет етсе, оператор мәселенің сипатын анықтайды және өтініш берушіні теологпен, психологпен немесе заңгермен байланыстырады, - дейді "Social Development Center" ҚҚ қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Бейбіт Тұрабаев.
"114 жедел желі" аптасына 7 күн, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, 114 тегін нөмірі бойынша жұмыс істейді.
Жобаның www.114.kz сайты арқылы сондай-ақ кері қоңырауға тапсырыс беруге немесе онлайн-кеңес алуға болады. Барлық кеңестер тегін және құпия түрде өтеді.
Ашық дереккөздердің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 9 жылда Қазақстанда зорлық-зомбылық экстремизмінің 16 актісі тіркелген, 500-ден астам азамат Сирия мен Ирактағы террористік қозғалыстарға қосылған, олардың 100-ге жуығы қайтыс болған. 1 мыңнан астам қазақстандық терроризм мен экстремизмге қатысы болғандықтан бас бостандықтарынан айырылған. Соңғы көрсеткіш кейінгі бес жыл ішінде тұрақты өсіп келеді. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының деректері бойынша, 2019 жылдың соңындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологиялардың ізбасарлары анықталған.