Бұл Жолдаудан не түйдім? Бақытбек Смағұл қолына қалам алды
Президент Қ.Тоқаев ел басшылығына келгелі жариялаған ІІ Жолдауы тың жаңалықтарға толы болды. Мен соның бір тармағына тоқталсам.
Жолдаудың әр бөлігі, әр сөйлемі Қасым-Жомарт Кемелұлы іске асырып жатқан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасымен тығыз астасқанын байқауға болады. Яғни, Жолдау қазақстандықтарды мазалаған ең көкейкесті мәселелерге құрылып отыр. Соның бірі – азаматтарға барынша сапалы қызмет көрсететін билікті құру болса керек.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды. Бұл не үшін қажет? "Біз табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ бастық" деді Президент.
Қазақстанда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою; апаттан зардап шеккен халықты эвакуациялау, оған шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету; өрт секілді тілсіз жаумен күресу; адамдарды құтқару секілді қиындығы ғаламат, мәселесі сан-салалы секторға жауапты меморган бүгінде ІІМ-де босағадан сығалаған жетімнің күйін кешіп жүргені жасырын емес. Мұнда салалық министрлік бұрын болған, алайда ол 2014 жылғы тамызда жойылып, Ішкі істер министрлігі құрамына Төтенше жағдайлар комитеті болып кірді. Ішкі істер органының басты мақсаты қылмыскерлермен күрес екені мәлім. Демек, табиғи және адам қолымен жасалған апаттармен арпалысып, кесір-кесапатын жоюмен жеке министрліктің айналысқаны жөн. Осының дұрыстығына Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылуы нәтижесінде қызыл суға қарық болған Түркістан облысының Мақтаарал ауданын аралаған кезде көз жеткіздім.
Жолдауда қойылған міндетке сәйкес, шенеуніктер саны биыл және келесі жылы 25 пайызға азайтылатын болды. Құптарлық іс. Дегенмен, бұл пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеуге көшірілген мамандарды автоматты түрде қысқарта салу есебінен жүргізілмегені абзал. Қысқарту науқаны біліксіз, өз ісіне немқұрайлы, халықтың төмен бағасын алған, атына көп шағым түсетін, тиімділігі төмен мемқызметшілерден арылуға септескені жөн. Одан мемлекеттік қызмет көрсету сапасы зардап шекпеуі қажет.
Жолдауға орай елімізде Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік пайда болады. Ол тікелей Мемлекет басшысына бағынады. Әйтпесе, стратегиялық жоспарлаудың ақсап жатқанын, реформалардың да ала-құла екенін, көбінің аяғына дейін жеткізілмейтінін Мәжіліс талай сынға алды.
Президент тапсырмасымен "жауапты хатшылар" институты жойылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр министрлік пен ведомствода жауапты хатшы лауазымы енгізілгенде, олар министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады деп күтілгенін, бірақ олай болмағанын атап өтті: "Министрлер мен жауапты хатшылар арасында өзара түсініспеушілік туындаған жағдайлар аз емес. Салдарынан, ортақ іске нұқсан келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Жаухатшы лауазымы кезінде командамен көшіп жүру секілді теріс құбылысты тоқтату үшін де енгізілген-тін. Өйткені ол істің сабақтастығын және мемаппараттың тұрақтылығын сақтауды өз мойнына алуы керек еді. Мысалы, Үкімет мүшелері толығымен отставкаға кетіп жатқанда, ЖХ ұжыммен бірге жайымен жұмысын жалғастыра беруге тиіс-тін. Шынында, бұлар жаңа басшымен бірге бүкіл ұжымның ауысуына тоқтау бола алмады. Оның үстіне жаухатшының саяси мәселелерге араласпауы талап етілді. Іс жүзінде бір мәселеге қатысты бұл екеуінің ұстанымы мен шешімі өзара қайшы келетін кездер де ұшырасады. Министрді де, жауапты хатшыны да Президент өз Жарлығымен тағайындайтындықтан, екеуінің жағдайы әу бастан тең. Сондықтан оның бірі екіншісіне бағынғысы келмей, олардың арасында текетірес болатын. Мереке күндері ұжымның бұлардың бірінші қайсысын құттықтау керек деп бас қатыратыны да бөлек әңгіме.
Расында, енді барлық сұрау бір тұлғадан – Президенттің өзі тағайындайтын министрден болуға тиіс.
Ел Президенті бүгін ұсынған реформаларды жүзеге асыру мақсатында біздің Парламент жыл соңына дейін мемқызмет туралы заңнамаға түзетулер топтамасын қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Бақытбек Смағұл,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі