Қазақстан экономикасының нақты секторы оң өсім қарқынын көрсетті
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, қаржы министрі Е. Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов және энергетика министрі Н. Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев баяндады.
2020 жылдың он айының қорытындысы бойынша экономиканың нақты секторы оң өсім қарқынын көрсетуде. Өңдеу өнеркәсібінде 3,2%-ға, оның ішінде азық-түлік өнімдері өндірісінде 3,4%-ға, фармацевтикада 39,7%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінде 19,5%-ға, машина жасауда 16,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 53,6%-ға, сондай-ақ қағаз өндірісінде 15%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 16,4%-ға өсім қамтамасыз етілді.
Құрылыс көлемі 10,7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,7%-ға немесе шамамен 10,7 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,2%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді.
ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қазанда $91,1 млрд құрады. Темір кенін (+1%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+0,7%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-4,3%) байқалады. Карантиндік шаралардың болуы және күшейтілуі қызмет көрсету саласына әсер етуде (-6,1%).
Сонымен қатар сектор көрсеткіштері біртіндеп тұрақтанып келеді.
Ақмола, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы негізгі 8 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында оң динамикаға қол жеткізілді.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
Премьер-министр республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеруі қажеттігіне назар аударды.