Нұр-Сұлтанда мини-митинг: көпбалалы әйелдер Денсаулық кодексіне қарсы шықты
2 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда бірнеше көп балалы әйел министрліктер үйіндегі "Адалдық алаңы" атты қабылдау орнына жиналып, жазда қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске наразылық білдірді, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Кодексті қабылдау кезінде халық пікірі ескерілмеді деген аналар депутаттардың шығуын талап етті.
Әйелдердің айтуынша, "мектеп психологтары кодекстің 92-бабына сүйене отырып, жыныстық қатынас туралы оқушылармен жеке құпия әңгіме жүргізбек, екпе егуге міндеттемек". "Ата-ана ретінде бұл ережелермен келіспейміз" дейді олар.
- Он жастағы ойыншық ойнап жүрген балама не үшін жыныстық тәрбие бермекпін? Өз басым 16 жасқа келгенде бұл туралы анамнан естідім. Сол сияқты біз де баламыз балиғат жасқа жеткен соң өзіміз түсіндіреміз. Балаларымызды "сендер тұлғасыңдар, ата аналарыңа өз пікірлеріңді айтудан қорықпау керек" деп өзімізге қарсы қойып отыр, - дейді Нәзира Мұқашева.
Оның сөзін қоштаған әйелдер денсаулық кодексі мен тұрмыстық зорлық зомбылық туралы заңнамаларға өзгеріс енгізуді талап ететіндерін айтты.
- Денсаулық сақтау саласы, білім беру, әлеуметтік қолдау саласы бәрі тұралап жатыр. Неге біз мемлекет құлдыратқан ауылдарда отырып, балаларымызды тәрбиелеуіміз керек? - дейді Баян Овилян.
Наразылық білдірген әйелдерге бірде-бір депутат шықпады. Денсаулық сақтау министрлігі, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі өкілдерінің жауабына көңілдері толмаған әйелдер алдағы күндері тағы талаппен келетіндерін ескертіп тарқасты.
Өзін денсаулық сақтау министрлігі өкілімін деп таныстырған Жанар Сәдуова наразылардың кодексті "дұрыс түсінбегенін" айтты. "Заңды түсіндірумен айналысамыз" деді ол.
Президент денсаулық сақтау туралы кодекске бұрынғы министр Елжан Біртанов тұсында – биыл 7 шілдеде қол қойған. Заң балаларға екпе салдыруды міндеттейді.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс қабылданғанға дейін де және одан кейін де талай рет халық тарабынан сынға ұшыраған. Алматыда биыл қыркүйекте наразылық митингісі де өткен. Сол кезде жаңа кодексті "халыққа қарсы жасалған құжат" деп атаған тұрғындар заңдағы вакцинация мен скринингті міндеттеу, санитарлық дәрігерлер құзырын кеңейту, трансплантация, екпені міндеттеу туралы баптарды өзгертуді сұраған.
Кейбір сарапшылар кодекс міндеттеуге құрылған деп сынайды.