Ташкентте қазақстандық миллиардердің зауыты ашылады
Жылына 500 мың тонна шойын өндіретін Ташкент металлургия зауыты 4 желтоқсанда іске қосылады. Осылай деп ТАСС агенттігі "Метпром" кәсіпорнының басшысы Андрей Дейнекоға сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, зауыт өзбек үкіметі мен ресейлік Metprom компаниясының қолдауымен салынған. Жобаның жалпы құны 325 млн еуро. Бұл қаражаттың 50 процентін Росэксимбанк берген. Қалған 50 процентін өзбек үкіметі мен жеке инвесторлар құйған, деп жазады centralasian.org.
Дейнеконың сөзінше, Ресей үкіметі жобаны қаржыландырып қана қоймай, оны жүзеге асыру үшін қосымша 90 млн еуро бөлген. Яғни ол техникалық жобалау, инжиниринг, құрал-жабдық жеткізу саласына жұмсалады.
Осыған дейін 2017-2018 жылдары Өзбекстандағы ірі бизнес-жобаларды, соның ішінде Ташкент металлургия зауытын күмәнді компаниялар жүзеге асырмақ деген ақпарат жарияланған. Оның ішінде президент Шавкат Мирзияевтің өзі қолдаған Ташкент металлургия зауытының жобасы өзбек ұлтынан шыққан қазақстандық миллиардер Фаттох Шодиевке тиесілі екені айтылған.
Өзбек басылымдары 1000 жұмыс орнын ашатын жаңа зауыт Сергелі ауданында екі жыл ішінде салынады деп жазған. Жобаның құрылтайшысы Ұлыбританияда тіркелген Quality Trade Supplies компаниясы екені, жалпы құны 278,2 млн еуро екені айтылған.
The Herald журналы Quality Trade Supplies (QTS) компаниясы жайында журналистік зерттеу жүргізіп, Шотландияда тіркелген күмәнді компания екенін, Transparency International оны "заңсыз ақшаны заңдастыру үшін құрылған механизм" деп мінездеме бергенін жариялаған.
2018 жылдың тамыз айында Шавкат Мирзияев өзінің жарлығымен Өзбекстан тумасы, бірақ ресейлік миллиардер Алишер Усмановты "Эль-юрт хурмати" орденімен марапаттаған.
Биыл қыркүйек айында өзбек, орыс басылымдары SFI Management Group компаниясының Алишер Усмановқа тиесілі екенін жазған. Бірақ кейін Усмановтың өзі бұл компанияның Фаттах Шодиевтің үлкен ағасы Кабул Шодиевке тиесілі екенін айтқан.
2017-2018 жылдары Өзбек металлургия комбинаты, Алмалы тау-металлургия комбинаты және Ташкент металлургия зауыты президент қаулысымен SFI Management Group компаниясының басқаруына берілген.