Реформаларды іске асырудың негізгі құралы ұлттық жобалар болады - Келімбетов
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін жақсарту жөніндегі негізгі мәселелер туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.
Келімбетовтың айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне жаңа тәсілдерді әзірлеу кезіндегі негізгі міндеттердің бірі оның тиімділігін күшейту болды.
"Ұсынылған жүйе аясында құжаттар саны едәуір қысқартылды, сондай-ақ нақты функциялар анықталды. Мәселен, бірінші деңгейдегі құжаттар елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдегі даму пайымын айқындайтын болады. “Қазақстан-2050 Стратегиясы” мемлекеттің дамуының ұзақ мерзімді болжамын айқындайтын еліміздің негізгі құжаты", — деді Қ. Келімбетов.
Осыған байланысты ұзақ мерзімді құжатты іске асыру үшін жалпыұлттық басымдықтар құралын енгізу ұсынылады, ол ел Президентінің "Қазақстан–2050" Стратегиясының болжамын неғұрлым қысқа аралықтарда (2025 жылға дейін, 2030 жылға дейін және т.б.) іске асыру үшін негізгі басымдықтарды біріктіретін және айқындайтын бірыңғай және инклюзивті платформасы болады.
"Өңірлік даму жоспары" - өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін айшықтайды
Жалпыұлттық басымдықтар Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі неғұрлым ұзақ мерзімді мақсатты іске асыру мақсатында ел дамуының болжамын және мемлекеттік аппараттың түйінді басымдықтарын айқындайтын болады.
Келімбетов атап өткендей, "Ұлттық даму жоспары", "Өңірлік даму жоспары", сондай-ақ "Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы" орталық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік аппараттың мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын болады. Бұл ретте Қазақстанның аумақтары мен өңірлерін дамыту үлкен маңызға ие болатыны анық.
"Осыған байланысты “Өңірлік даму жоспары” мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейіне және оның “Ұлттық даму жоспарымен” логикалық және нақты өзара байланысын қамтамасыз ету мақсатында бекітілді. Жалпы, “Өңірлік даму жоспары” өңірлердің рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ Қазақстанның аумақтық-кеңістіктік дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 шілдеге дейін әзірлеу жоспарланып отырған "Өңірлік даму жоспары" еліміздің әрбір өңірінің бәсекелестік артықшылықтары негізінде әзірленетін болады. Екінші деңгейдегі құжаттар өңіраралық мәселелер бойынша да, салалар арасындағы мәселелер бойынша да жүргізілетін саясатты айқындайтын болады.
"Салаларды дамыту тұжырымдамаларын енгізу көзделеді. Бұл құжаттар экономиканың барлық салалары бойынша мемлекеттік органдардың пайымы мен мақсаттарын көрсететін болады және жобалық тәсілді енгізу үшін базиске айналады", — деді Келімбетов.
Сондай-ақ жобалық тәсілге сәйкес барлық сипаттамалары бар ұлттық жобалар құралы енгізілетін болады. Ұлттық жобалар "Қазақстан – 2050" пайымын және жалпыұлттық басымдықтарды іске асырудың негізгі құралына айналады. Үшінші деңгейдегі құжаттар – іске асыру құжаттары. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйымдардың даму жоспарлары, Өңірлерді дамыту жоспарлары жоғарыда тұрған құжаттардың міндеттерін іске асыру жөніндегі тетіктерді көрсететін болады. Осылайша, "Қазақстан – 2050" жалпыұлттық басымдықтары мен пайымын орындауға тоғыстырылатын үш деңгейдегі барлық құжаттар арасында нақты өзара байланыс қамтамасыз етіледі.
"Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі шеңберінде институционалдық реформаларды жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалады деп санаймыз. Жалпыұлттық басымдықтардың шектеулі саны ел дамуын пайымдаудың неғұрлым маңызды және негізгі бағыттарын баянды етеді. Бұл ретте жалпыұлттық басымдықтар мен ұлттық жобалар тізбесін ҚР Президентінің Жарлығымен бекіту орынды деп санаймыз", — деді ол.
Реформалардың іске асырудың негізгі құралы - ұлттық жобалар
Сонымен бірге, бюджеттік лимиттер мемлекеттік органдар бойынша емес, басымдықтарға және тиісінше ұлттық жобаларға сәйкес бөлінуге тиіс. Реформаларды іске асырудың негізгі құралы ұлттық жобалар болады, олардың міндеті қызметтің қандай да бір бағытындағы түйінді проблемаларды шешуге бағытталады.
Келімбетовтің айтуынша, ұлттық жобалардың негізгі критерийі елдің бүкіл аумағына, экономикасына, әлеуметтік жүйесіне ықпал ету, нәтижесінде азаматтардың өміріне оң өзгерісті қамтамасыз ету.
"Ұлттық жобаны әзірлеуші мемлекеттік органдар және “Data driven Government” платформасы шеңберінде құрылатын ұлттық жобалау кеңсесі әзірлейтін болады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік ұлттық жобалар бойынша қорытынды қалыптастыру шеңберінде Ұлттық жобаның жалпыұлттық басымдықтарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Ұлттық жобалардың бірқатар критерийлері көзделген, Ұлттық жобалар әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін белгілі бір кезеңде нақты нәтиже алуға бағытталатын болады", — деді Келімбетов.
Ұлттық жобалардың негізгі критерийлері мыналар болады:
- даму бастамаларын іске асыруға бағытталған тұжырымдалған мақсаттың нақтылығы; әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз ететін мақсаттың өзектілігі (немесе маңыздылығы);
- аяқтау уақыты: орындау уақыты мен нәтижеге жету мақсатын шектеу;
- өлшенетін нәтиже; мақсатқа қол жеткізу: ресурстар мен мүмкіндіктердің жеткіліктілігі;
- адамға бағытталған: Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға, проблемаларды шешуге және әл-ауқатын арттыруға бағытталған; жеке жауапкершілік.
"Ұлттық жобаны іске асырудағы жобалық тәсіл жоба төңірегінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды шоғырландыруды көздейді. Әрбір ұлттық жоба жалпыұлттық басымдықты орындауға және Қазақстан 2050 Стратегиясын іске асыруға бағытталуы тиіс. Ұлттық жобалар тізбесінің бекітілуіне қарай бұл жобалар 2021 жылғы 1 шілдеге дейін әзірленеді деп жоспарлануда", — деп түйіндеді Келімбетов.