40 жылдан кейін зейнетке шығатындар қоңыз теріп кетпеcін
Қазіргі заңға сәйкес, олар болашақта тек өздерінің салымдарынан ғана зейнетақы ала алады. Бұл жарналардың тым мардымсыз екенін, әрі жыл сайынғы инфляцияға жем болып жатқанын ескерсек, болашақ зейнеткерлердің жағдайы шынымен де қиын болатын түрі бар. Осыны алдын- ала ескерген Еңбек министрлігі "Зейнетақы туралы" заңға бірқатар өзгерістер дайындапты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі қариялардың дені базалық зейнетақы мен өзінің 1998 жылдан бері қорда жиғанын қосып алады. Еңбек өтілі және жиналған сомасына қарай айына 100 мың теңгеден астам ақша шығады. Қарап тұрсаң бір адамның жалақысы. Есесіне, еңбек жолын 1998 жылдан кейін , яғни зейнетақы жүйесі енгізілген соң бастағандардың жағдайы оңай болмайтын түрі бар. Олардың алғашқылары 2040 жылы зейнетке шыға бастайды екен. Ендеше болашақ зейнеткерлердің ай сайынғы алатын ақшасын есептеп көрейік.
1998 жылы 21 жастан бастап 63 жасқа дейін еңбек етіп, ұдайы ел бойынша орташа жалақы алып тұрған адам шамамен 2041 жылы 76 мың теңгемен зейнетке шығады екен. 200 долларға да жетейді. Бұл соманы біз аспаннан алып отырған жоқпыз. Азаматтың 42 жыл жұмыс істеп жиғанын инфляция мен инвестициялық кірістің арасына салып есептеген экономистердің сөзі бұл. 2061 жылы 76 мың теңгеге не келеді, өмір сүруге жете ме? Ол әрине, үлкен мәселе.
Осыны ойлаған Еңбек министрлігі болашақ зейнеткерлердің қамына қазірдің өзінде алаңдай бастағанға ұқсайды. Олар "Зейнетақы туралы" заңға бірқатар өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Оған сай базалық зейнетақының орнына , ең төменгі зейнетақы мөлшері деген ұғым енеді. Ол ең төменгі күнкөріс дейгейінің 70 пайызын құрамақшы. Қолданыстағы заңда бұл көрсеткіш 54 пайзыз екенін айта кетейік. Шенділердің дайындаған тағы бір өзгерісі жұмыс берушілерге қосымша шығынға батырайын деп тұр.
2023 жылдан бастап жұмыс беруші өз есебінен қызметкердің зейнетақы қорына қосымша 1 пайыз жарна аударуға міндеттеледі. Бұл сома 2029 жылға дейін 5 пайызға дейін ұлғайтылмақшы. 60 ай үздіксіз аударылған осындай жарнасы бар азамат зейнет жасына жеткен соң осы шоттан қосымша ақша алу құқына ие болады.
Бұл жарна жұмысшының болек жеке меншік мақсатты шотына түседі. Бұл соманы болашақ зейнеткер өзінің кез келген керек- жарағына жарата алады екен. Мұндай схема болашақ зейнеткерді қайыр сұрап кетуден сақтайды деген сенімде еңбек министрлігі.
Еділ Ермекбаев, қала тұрғыны:
Жұмыс беруші қосымша 5 пайыз менің зейнетақыма ақша аударатын болса, мен қуаныштымын. Оны инфляция жеп қоя ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, енді қосымша ақша.
От басы, ошақ қасында бала бағып отырған келіншектерге құлаққағыс. Бұрын мемлекеттен зейнетақы аламын деген жанның кемі он жыл еңбек өтілі болуы тиіс еді. Өзгеріс енсе, бұл мерзім де екі есеге қырқартылмақшы. 2030 жылға дейін Зейнетақы жүйесін модернизациялау аясында жасалған бұл өзгерістер биылғы мамырда Үкіметке ұсынылмақшы. Ары қарай құжаттың тағыдырын депутаттар мен Президент шешеді. Сөз орайына қарай айта кетейік, қазір 10 миллионнан астам қазақстандықтың зейнетақы шоттарында 11 триллионнан астам ақша жатыр екен.