Әкім елорда экологиясын қалай жақсарту керектігін айтты
Астана әкімдігі қала экологиясын жақсарту бойынша шараларға үлкен назар аударып келеді. Жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Олар - қаланы ауқымды көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, газдандыру, тасымалға электроавтобустарды жіберу, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және тағы басқасы.
Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына есеп беру кездесуінде айтты.
"Биыл тартымды орындар мен жасыл аумақтар одан әрі көбейеді. Экологияны жақсарту және қалалықтардың тиімді уақыт өткізуі үшін қолайлы орындар ашу мақсатында, Нұр-Сұлтанды ауқымды көгалдандыру бойынша іс-әрекеттерді жалғастырамыз. Педагогтар, дәрігерлер мен құтқарушыларымыздың құрметіне аталатын тақырыптық скверлер мен саябақтар ашып, абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал егуді жалғастырумен қатар, Қазақ елі алаңында, Бейбітшілік және келісім сарайы, Оқушылар сарайы, вокзал, әуежай, СОСО, тұрақ кеңістіктері мен т.б. аумақтарда ағаш отырғызуды көздеп отырмыз. Бұған қоса, "Астана Балет" маңындағы аумақта жасыл бақ, «Астана Опера» аумағында емен бағын, ал Триатлон-саябақта сирень бағын жасауды жоспарлап отырмыз. Қала жаңа түстерге енеді. Елорданың әрбір ауданын көгалдандырамыз. Елбасы бір сұхбатында атап өткендей, астананың бас жоспары ғимараттар, жасыл желек пен орман симбиозы ретінде жасалған. Осы тақырыпты ұстанамыз", - деді Алтай Көлгінов.
Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру кезінде учаскелерді көгалдандыруға да назар аударылады. Абаттандыру, қалалықтардың демалысы үшін жағдай жасау ғана емес, қалада тазалық сақтау да маңызды. Осылайша, астанада қоқысты қайта өңдеу зауыты жаңғыртылып жатыр, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жалғасуда. Ол үшін қала бойынша контейнерлер орнатылған.
Линияға 100 электроавтобус шықты. Олардың қоршаған ортаға залалы жоқ, зиянды қалдықтар бөлмейді. Осындай тағы 100 экоавтобус шығару жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қала экологиясын біршама жақсартуға елорданы газдандыру да көмектеседі. Мәселен, биылғы жылыту маусымында газға көшу мүмкіндігін Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарының тұрғындары, Агроқалашықтың бір бөлігі иеленді. Бұған қоса, қазір Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.