Қазақстанда барлық ақша аударымдарына салық салынады - фейк
Таяуда банктік мобильді қосымшалар арқылы барлық ақша аударымдарына салық салынады деген хабарламалар желіде тарап жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы танымал RasTime YouTube арнасының жүргізушісі ақпарат таратқан.
stopfake.kz мәліметінше, арна жүргізушісі жеке тұлғалар арналған ақша аударымдарына салық салу жүйесін әзірлеуге шақырған ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың сөзіне сүйенеді. Сөйтіп, салық аударым сомасы мен мақсатына қарамастан алынатынын жеткізеді.
ҚР Қаржы министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– Әрбір сатып алу (картамен төленген – авт.), достарына немесе туыстарына жасаған ақша аударымы үшін салық төлеуге тура келетіні туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жеке тұлғалардың бірде-бір ақша аударымына салық салынбайды және мұндай салықты енгізу жоспарда жоқ. Бұл видеода жалған ақпарат ұсынылған, – деп хабарлады ведомстводан.
Әлихан Смайыловтың кәсіпкерлердің қызметін немесе сатылған тауарлар үшін ақша аударымдарын салық салумен қамту қажеттігі туралы айтқаны рас. Бұл шара тек заңды тұлғаларға ғана қатысты болады.