Жұрт ашулы: Таразда қоғамдық көлік жол ақысы 85 теңгеге көтерілді
Таразда қоғамдық көлікте жүру ақысы бірден 20 теңгеге қымбаттады. Осы күнге дейін тұрғындар бұл қызмет үшін 65 теңге төлеп келсе, енді баға 85 теңгеге бір-ақ барған. Тарифтің аяқ астынан бұлайша аспандауы жұрттың ашуына тиіп отыр. Ал қалалық әкімдік болса жол жүру бағасының 2017 жылдан бері өзгеріссіз келе жатқандығын алға тартады, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың бұлайша ашулануы бекер емес. 10 күн бұрын аймақта ас атасының бағасы 5 теңгеге өскен болатын. Енді міне, көп уақыт өтпей жолақысы көтеріліп отыр. Мұның барлығы халықтың қалтасына қосымша салмақ салуда.
Жалпы облыс орталығында барлығы 42 бағыт бойынша 400-ге жуық автобус қатынайды екен. Қалалық әкімдік тарифтің өсуіне бірнеше фактор әсер етті дейді. Ең негізгісі жанармай мен қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауы.
Асхат Есеналиев, тараз қаласы әкімінің орынбасары:
Тарифті көтерудің тағы бір себебі тасымалдаушы компаниялардың автобустарды жаңартуы. Сегіз жарым, он жарым метр ұзындығы, сосын инвалидтерге қолайлы, полдары төмен деп аталады, сондай автобустарды сатып алу басты мақсатымыз.
Шаһар көшелерінде су жаңа автобустардың нақты қашан пайда болатындығы белгісіз. Тұрғындар қара түтінді будақтатып, тар салонға адамды толтырып алатын ескі шағын автобустардан әбден шаршаған. Тарифтің артуы жолаушылар тасымалындағы қызмет көрсету сапасына оң әсерін тигізетіндігіне көпшілік әзірге күмәнмен қарап отыр.