Түркілер ықпалдастығын дамыту үшін батылдық қажет – Елбасы
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) мерейтойлық X пленарлық отырысының қатысушыларына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Құттықтау хатты жиналғандар алдында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин оқып берді.
Өз құттықтауында Елбасы бүгінгі мерейтойлық басқосу қазақ халқының киелі бесігі мен бойтұмары, түркі әлемінің рухани астанасы, бабаларымыздан қалған көне шаһар - қасиетті Түркістанда өтіп отырғанына қуанышты екенін айтты.
- Біз жаңа тәуелсіз мемлекеттер өз тарихының бастапқы күндерінен-ақ түбірі ортақ тіл, мәдениет пен салт-дәстүрге негізделетін, сондай-ақ барлық бауырлас елдерге дәнекер болатын ерекше байланыстың бар екенін анық түсіндік. Дегенмен, алдымызда жаңа маңызды мақсат-мұраттар тұр. Олардың барлығына да қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл ретте, түркілердің кең байтақ даласында өзара ықпалдастықты дамыту үшін әрдайым ерік-жігер мен батылдық танытып отыруымыз қажет. Түркітілдес мемлекеттердің парламентшілері осы бір күрделі іске өзінің елеулі үлесін қосатынына кәміл сенемін. Жалпы түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының мерейтойлық пленарлық отырысы халықтарымыздың өзара достығы мен әрекеттестігін одан әрі нығайтуға қосымша серпін береді деп ойлаймын, - делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы ретінде қолдау көрсетіп, қолғабыс жасауға әрқашан әзір екенін атап өтті.
Соңында Елбасы жиынға қатысушылардың бәріне сәттілік пен бар жақсылықты тіледі.