Ауылға бөлінген ақша қайда – депутат Ожаев
Мәжілісінің депутаты, "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі Нұрлыбек Ожаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Бүгінде еліміздегі жалпы тұрғындардың 41 пайызы немесе 7 млн халқы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, АӨК саласында инновацияларды іске асыру және инвестицияларды тарту орталығы, деп бастады ол сауалын.
Елбасы, Партия көшбасшысы Н.Назарбаев 2019 жылы бастамашы болған жобаның мақсаты ауылдағы тұрмыс жағдайын жақсарту болатын. "Nur Otan" партиясының 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарламасымен осы жоба аясында 3500 ауылды жаңғырту қарастырылған. Осы міндетті іске асыру – ауылдық жерлерді кешенді дамытуға жағдай жасайды және ауылдық елді мекендердің көпшілігін өңірлік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді, бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында атап өтті.
Өңірлік стандарттарға сәйкестендіру ауыз сумен қамтамасыз етуді, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті, тұрғын үй құрылысын, жергілікті маңызы бар сапалы жолдарды, жарамды инженерлік желілерді және т.б. қамтамасыз етуді білдіреді.
Алайда, мұның бәрі, сапалы жоспарлау және жүйелі қаржыландыру жағдайында мүмкін. Ал, іс жүзінде нені көріп отырмыз?
Жалпы, "Ауыл – Ел бесігі" жобасын жоспарлау кезінде 2021 жылы 480 ауылды модернизациялауға 135 млрд теңге бөлініп, 1140 жобаны іске асыру көзделген болатын. Алайда, 135 млрд теңгенің тек 106-сы ғана бөлінді, бұл көзделген қаражаттың 78%-ын құрайды. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі әкімшілер тарапынан жобалау-сметалық құжаттаманың және өңірлерден өтінімдердің болмауымен түсіндіріледі.
Бұл жағдайда орындалмаған міндеттемелерді 2022 жылы аяқтауға да болар еді, бірақ 2022 жылға арналған бюджет жобасында қаралған жоспарлы сома 570 ауыл үшін 130 млрд орнына тек 62 млрд теңге ғана қаржы көзделуде, бұл жоспарланғаннан екі есе аз. Мұндай ресурстармен 2021 жылғы тапшылықты өтеу түгілі, тіпті 2022 жылдың міндеттерін жартылай орындау да мүмкін болмайды. Ал, 2023 және 2024 жылдарға арналған жоспарланған көрсеткіштерді айтпағанның өзінде, тіпті оған шамалас цифрлар да қарастырылмаған.
Қаржы министрлігінің пікірінше, мұның себебі, тағы да құжаттардың берілмеуі немесе сапасының төмендігінен болған. Тек 2022 жылға 500-ден астам жоба заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған, ал 2023-2024 жылдарға Ұлттық экономика министрлігі өтінімді өңірлерге жіктемей, жалпы сомамен берді. Алайда, Ұлттық экономика министрлігінің тұжырымы бойынша сапалы жобалардың тізбесі бар. Мәселе, өңірлерге берілген лимиттерге қатыстылығымен түсіндіреді. Бұл ретте аталған министрліктердің ұстанымы тек бір мәселеде тоғысады: олар жобаларды әзірлеу мен жоспарлау бойынша өңірлердің орындаушылық тәртібінің төмендігіне сілтеме жасап отыр.
Бұл жағдайға кімнің кінәлі екенін анықтау өте күрделі. Бірақ, бұл ведомствоаралық келіспеушіліктердің нәтижесі біздің ауылдық аймақтардың әл-ауқатына кері әсер етеді: нәтижесінде, ауылдағы үйлерге су кірмей, мектеп жөнделмей, жалғыз жол салынбай қалады. Ал, биыл ауыл үшін өте қиын болды: құрғақшылық, жаппай мал шығыны, мал азығының жетіспеушілігі сияқты әлеуметтік ахуалды ескеріп, қазіргі уақытта ауылды қолдау – мемлекеттің маңызды әлеуметтік міндеті.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, "Nur Otan" партиясының фракциясы шұғыл түрде:
- - лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін бекіте отырып, Партия бағдарламасындағы мақсаттарды бюджет жағынан қамтамасыз етудегі олқылықтарды жою және ауылдық өңірлерді қолдау жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді;
- - бюджетті нақтылау кезінде, мерзімінде және мүлтіксіз қамтамасыз ету мақсатында "Nur Otan" партиясының Жол картасын қаржыландырудың нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, таяудағы 3 жылға арналған жобалар пулын ұсынуды;
- - болашақта жобалау-сметалық құжаттаманы жоспарлау және әзірлеу үшін қаржыландырудың болжамды лимиттерін өңірлерге алдын-ала жеткізуді;
- - өз кезегінде, жергілікті әкімдіктер, облыстық жол карталары мен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес, жобалау-сметалық құжаттамаларды дер кезінде әзірлеудегі жұмыстарды күшейтуді талап етеді.