"Келіңіз, есеп беріңіз, бөлінген ақша қайда?". Депутат Үкімет басшысын Мәжіліске шақырды
Депутат Нұржан Әлтаев Үкімет басшысы Асқар Маминге Ковид-19 індетімен күрес жұмыстарының нәтижелері бойынша Мәжіліске келіп, халық алдында есеп беруін сұрады. Ол өзінің бұл ұсынысын депутаттық сауалында атап көрсетті, деп хабарлайды zakon.kz.
Депутаттың айтуынша, Үкіметтің індетпен күреске толық дайындығы болған, бюджет қазынасынан да қыруар қаржы бөлінген. Бірақ қолдағы цифрлар, керісінше олардың бұл істі дұрыс атқара алмағанының салдары екенін айқындап отыр.
- Бұл кезде кейбір мемлекеттік органдардың қабілетсіздігі, жауапсыздығы мен атқарған жұмысының тиімсіздігінің салдары анық көрінді, бұл ащы да болса шындық. Енді осының бәрінен біз қорытынды жасап, жағдайды түзетуге тырыспасақ, алда ол алдымыздан шығып, оңдырмасы анық. Құрметті Асқар Ұзақпайұлы, сізден осында - Парламентке келіп, халық алдында, біздерге - халық өкілдеріне Ковид-19-пен күрес бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, бөлінген орасан зор қаражатты пайдалану туралы егжей-тегжейлі есеп беруіңізді сұраймын. Коронавирус құрбандары неге көп, қазіргі шарасыз жағдайдың себептеріне не себеп болды? Бұл сауалдар жауап беруді күтеді. Жарайды, Денсаулық сақтау министрін орнынан алып тастадық, осымен сонда іс бітті ме? Бұл жағдайға, өткен қателіктерге сонда ешкім жауап бермей ме? Оған кім жауап беруі керек, - дейді өз сауалында депутат.
Сонымен қатар, ол үкімет басшысына кейбір мемлекеттік органдардың өз міндетін дұрыс орындай алмауының себебі мен салдары бойынша жағдайды талдауды да ұсынды. Ол Үкімет басшысына көп созбай, қысқа мерзім ішінде Парламентке келіп, тез арада бұл мәселеге қатысты есеп беруін сұрады.