Жаңалықтар тізбегі
0

Фоторепортаж: "АЛЖИР" – қасіретті тарихымыздың куәсі

"АЛЖИР", "Отанын сатқандардың Ақмола лагері", Қуғын-сүргін құрбандары, Алаш арыстары, Ақмола лагері, Ақмол ауылы, "АЛЖИР" музейі, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37 Сурет: Zakon.kz
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы айтулы дата қарсаңында Zakon.kz тілшісі Ақмола облысындағы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешеніне арнайы барып, жылдар көміп жатқан тарихты тағы бір ақтарып көрді.

 "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені Астанадан 30 шақырымдай жерде, қазіргі Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылында орналасқан. Бұл мұражай 37-38 жылдары 58-бап бойынша, "халық жауы" ретінде ату жазасына кесіліп, жазықсыз атылып кеткен арыстарымыздың анасы, апасы, әжесі, үш жасқа дейінгі балалары мен әйелдеріне арнап құрылған еңбек лагерінің қасіретті жылдардағы тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Лагерь тұтқындар арасында "АЛЖИР", "Отанын сатқандардың Ақмола лагері" аталып кеткен.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Қандай жерге келе жатқанымызды санамызбен түсінгенімізбен, аудан орталығына айналған ауылдың бүгінгі мамыражай тіршілігі, музейдің қарсы бетінде орналасқан балалар алаңқайындағы балақайлардың мәз-мейрам күлкісі беймаза күйге түскен көңілімізге тыныштық орнатқандай болған еді. Алайда...

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Алайда мұражай кешені орналасқан аумақтың кіреберісінің сол жақ бетінде тұрған мына бір вагон жүректі шым еткізді. Жоқ, бетіңе суық су бүркіп жібергендей күйге енгізеді екен. Қайда келгеніңді бірден ұқтырғандай болды. Қазір мамыражай тіршілік орнаған жерде ғасырға жуық уақыт бұрын қандай қасірет болғанын еске салып тұрғандай. Ал вагон ішіндегі муляждар тірі адамдардай елес берді.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

"Отанын сатқандардың" әйелдері күйеуімен кездесу үшін үйінен барын киіп, бақанын ұстап шыққан. Оларды солай алдаған деседі. "Асыл жарыммен кездесем" деп алып-ұшып шыққан әйелдерді "черный воронға" салып, тергеу изоляторына апарып қамап, 3 айдан 6 айға дейін ұстап, сот үкімі шыққан соң "халық жауының әйелі" немесе "халық жауының отбасы мүшесі" ретінде 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырған. Кейін оларды пойыздың мынандай вагонымен қазақтың аядай ғана ауылына қарай аттандырып отырған. Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения сияқты Одақтың түкпір-түкпірден жиналған әйелдердің тағдыры осылайша Ақмолада, дәлірек айтсақ қазіргі Ақмол ауылында тоғысқан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Лагерьге әйелдердің алғашқы легі 1938 жылғы 6 қаңтар күні жеткен. 70-ке жуық әйелмен бірге 30 сәби де келген. Оларды Ақмолаға жеткізу үшін Одесса қаласында арнайы қызыл вагондар жасап шығарған. Вагондар тұтқындар арасында "столыпинский вагон", "сталинский вагон", "теплушка" деп аталып кеткен. 20 адамға шақталып жасалғанымен, репрессия жылдары бір вагонға 70-80-дей әйелді тоғытып, Ресейден Ақмолаға аттандырып отырған.

"АЛЖИР"-де болған боздақтардың айтқан естеліктеріне сүйенсек, жолда тұтқындарға тамақ ретінде қағазға оралған тұзды балық таратқан. Әйелдер балықты жеп, қағазын лақтырмай, сақтап қояды екен. Ебі келгенде, саусағын тістеп қанатып, қағазға қанымен мекенжайын, амандығын білдіріп, балаларын аманаттап хат жазып, жолда тастап кетіп отырған екен. Теміржолшылар сондай көптеген хатты тауып, мекенжайына жеткізген. Қанмен жазылған осындай хаттар көп баланы балалар үйіне түсуден аман алып қалған деседі.

Қазір мұражайда тұрған мына вагон – түпнұсқа вагондардың бірі. Оны мұражайға 2013 жылы реставрация жасатып, Атбасар қаласынан әкелген. 

Вагон маңынан жылжып, мұражай кешені орналасқан аумақтың қақ ортасына қарай аяңдадық. Онда "Қасірет қақпасы" орналасқан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Монумент күйеуі мен балаларын жоқтап қайғырған әйелді бейнелейді. Бұл жердің жазылмаған заңы – қақпадан өткенде бас ию. Осылайша қуғын-сүргін жылдары мерт болғандар рухына тағзым еткендей боласың. Монументтегі ақ пен қара түстер тегіннен таңдалмаған секілді. Қара түс әйелдің жан-дүниесіндегі орны толмас қайғыны, шерді көрсетсе, ақ түс келер күнге деген үміттің белгісіндей әсер берді.

"Қасірет қақпасынан" өтіп, мұражайдың алдында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі композицияның біріне беттедік.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

"Түңілу мен әлсіздік" композициясы шарасыздықтан тағдырдың салғанына мойынсұнған, бостандыққа шығудан күдері үзілген ер адамды бейнелеп тұр. 

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Ал "Күрес пен үміт" композициясындағы алысқа көз салып отырған әйел бейнесінен келер күнге деген үмітті көрдік. Бір-біріне қарама-қарсы орнатылған екі композициядан ер мен әйел табиғатынан көп дүниені аңғаруға болатындай.

Композициядан сәл ілгеріректегі бараққа көзіміз түсіп, мұражайға кірместен, сол жаққа бұрылдық.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Кезінде лагерь осы іспетті бірнеше саман барақтан, төрт мұнара мен темір торлардан тұрған. Қақаған қыста, аптап ыстықты лек-легімен келіп жатқан әйелдер шағын лагерьге сыймағандықтан, осындай саман барақтарды өздері салуға тура келген. Ағаш тақтайдан жасалған сәкілерге матрац орнына шөп төсеген. Барақты жылыту үшін қамысты отын ретінде пайдаланған. Жылуы жоқ қамыс тез жанып кететіні анық. Әйелдер түнімен кезекпен пешке қамыс салып, қатып өліп қалмаудың қамын жасаған. Сонда да барақ ішіндегі жылу 6-8 градустан көтерілмейтін болған. Әр шағын бараққа 200-300 әйелден орналастырылыпты. 

Айтпақшы, аштықтан, ару-сырқаудан қаза тапқан көп әйелдің денесін қыс бойы осы барақтардың сыртында сақтап, жер аяғы кеңігенде бәрін жинап ортақ шұңқырға көме салған.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: museum-alzhir.kz

Мұнда келушілерге арнап салынған мына барақтың ішіне "АЛЖИР" тұтқындарын балаларынан айыру" диорамасы ұйымдастырылыпты. 

1938 жылдың қаңтарында алғашқы лекпен лагерьге 30-ға жуық сәби келген.  Ол балаларды үш жасқа толғанда "халық жауының" баласы ретінде үкім шығарып, балалар үйіне таратқан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Оларды Қазақстандағы ғана емес, Ресей, Украина Белорусь балалар үйіне тарыдай шашып тастаған. Мәселен, бір үйде бес ағайынды болса, бесеуінің де аты-жөнін, жасын өзгертіп, бес түрлі балалар үйіне таратқан. Ал 1941-45 жылғы соғыс жылдарында балалар үйіндегі жасөспірімдерді "халық жауының" баласы ретінде штрафбатқа айдаған. Штрафбаттан ешқандай бала қайтпаған.

Барақты айналып көріп шыққан соң негізгі нысан – "АЛЖИР" мұражайына қарай аяңдадық. Мұражай қызметкерлерінен рұқсат алып, ғимараттың ішін аралауға кірістік.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

"АЛЖИР" мұражайы 2007 жылы 31 мамыр күні ашылған. Биыл мұражайдың ашылғанына 16 жыл толып отыр.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Мұражай екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаттағы "Алаш" залы Қазақстан тарихына арналған.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

"Алаш" залында Алаш қайраткерлерінің фотолары, еңбектері мен тарихи құжаттар қойылған.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Демалыс күнін пайдаланып мүзейге оқушылар да келіпті.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Бірінші қабатты аралап болған соң экскурсия жетекшісі Әсем Мұхтарқызына ілесіп, екінші қабаттағы лагерь тарихына арналған бөлімге көтерілдік.

Әсем Мұхтарқызының айтуынша, "АЛЖИР-дегі" тергеудің ең жеңіл түрі үстелге аяқты жерге тигізбей отырғызып қою болған. Қозғалмай отырған әйелдер шыдамай есінен танып құлап қалады екен.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Мұнда этаппен 20 мыңнан астам әйел келген, ал 8 мыңнан астам әйел "АЛЖИРде" "қоңыраудан-қоңырауға" дейінгі мерзімде отырып шыққан. Олар үшін ең қорқынышты бөлме тергеу бөлмесі болғанн. Ол бөлмеде әйелдерден жауап алған, қинаған, қорлаған, ұрып-соққан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Мұнда отырған әйелдер қамыс орып, барақ салумен, жеміс-жидек өсірумен, мал шаруашылығымен, тігінмен айналысқан. Мал шаруашылығы жақсы дамығанымен, малдың етін тікелей этаппен Ресейдегі ГУЛАГ-қа жіберіп отырған. Ал әйелдерге малдың басы мен сирағын ғана қалдырған. Соның өзінде күніне 400 гр нан мен екі уақыт ыстық тамақ ретінде суда пісірілген сұйық ботқа берген.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Жалпы лагерь мұражайдан бір шақырым жердегі Жалаңашкөлдің бойында орналасқан. Көлдің арғы бетінде қазақ ауылы болған, қазір ол Жаңажол деп аталады.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Міне, осы ауыл тұрғындары репрессия жылдары аш құрсақ жүрген әйелдерді аяп, аз да болса көмек ретінде қамыстың арасына етін, сүтін, қаймақ, бауырсағын тығып кететін көрінеді. Қамыс шауып жүрген әйелдер сол тағамдарды тауып алып, талғажау еткен. 

Гертруда Платайстың естелігі негізінде Раиса Голубева жазған "Курт – драгоценный камень" өлеңі сол ауылдың халқына арналған. Аядай ғана қазақ ауылы осылайша қаншама ананы аштықтан құтқарып, баласымен қауышуына үлес қосқан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Әйелдер шамның жарығымен күн демей, түн демей, киім-кешек тігіп, соғыс жылдары майданға жіберіп отырған. Соның салдарынан кейін тұтқыннан босап шыққанда көп әйелдің көзі көрмей қалған деседі.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Лагерьдегі жазасын өтеушілердің арасында дәрігер, фармацевт, ақын, жазушы, әртіс, актриса, мұғалім сынды көзі ашық, білімді әйелдер өте көп болған. 

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина 1938 жылы "халық жауының" әйелі ретінде Алматы тергеу изоляторына қамалып, кейін осы еңбек лагеріне жеткізілген. Бұл жерде де, Қарағанды лагерінде де Гүлжамал Майлина мал баққан. 

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова "АЛЖИРге"1938 жылы Ресейдегі Бутырка түрмесінен этаппен келген. Лагерьге түскен кезінде құшағында Рида есімді сегіз айлық қызы болған. Рида үш жасқа толған кезде Осакаров балалар үйіне жіберген. Кейін Әзиза Рысқұлова бостандыққа шыққан соң Сәуле Рысқұлованы Украина балалар үйінен, Рида Рысқұлованы Осакаров балалар үйінен тауып алған. 

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz


"АЛЖИР тек қана ОСОМ-не арналған лагерь емес, солардың ішіндегі аса қауіптілерін ұстау орны да болды. Тек 1939 жылғы мамыр айында "отанын сатқандардың" әйелдеріне қарсы бағытталған операция аяқталған соң, ГУЛАГ-тың жаңа бұйрығы шықты, осыған сәйкес, ОСОМ-і шоғырландырылған "қатаң режимнен" жалпылагерлік режімге ауыстырылды. Бұл АЛЖИР тұтқындары өмірінде бірнеше ұстанымдық өзгерістер алып келді. Ал ең бастысы – әйелдерге жақындарымен хат алысуға рұқсат берілді. Көпшілігі күйеулерінің тағдыры жайлы, өз бала-шағалары туралы іздестіріп, хабар ала бастады", деп жазылған екен музей тарихы жөнінде.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Біз музей ішін аралап болып қалғанда, жұмыс уақыты бітіп, музей қызметкерлері жарықты өшіріп, есіктерді жаба бастады.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Тергеу бөлмесінің есігі. Сурет: Zakon.kz

Ал біз "Мына есіктің артында қаншама әйелдің көз жасы мен зары қалды екен?!" деген ауыр ой құшағында ғимараттың сыртқы жағына қарай бет алдық.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.05.2023 14:37

Сурет: Zakon.kz

Музей сыртындағы "Зерде қабырғасына" жүздеген әйелдің аты-жөні қашалып жазыпты. Әр жазудың артында қасіретке толы қаншама адамның ғұмыры жатқанын зерделей беріңіз...



Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: