Жаңалықтар тізбегі
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатының отырысындағы сөзі

Президент Сенат алдында сөз сөйледі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 10:35 Сурет: akorda.kz
2023 жылғы 26 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

 Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Өздеріңізге мәлім, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Былтыр конституциялық реформаны қолға алдық. Ата заңға аса маңызды өзгерістер енгіздік. Қараша айында Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Сонымен қатар, менің Жарлығыммен бірнеше сенатор тағайындалды. Осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды.

Депутаттардың жартысына жуығы жаңарды. Мұнда әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылды. Жалпы, бұл Палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған.

Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін."

Президент:

"Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.

Біздің осы бастамаларымызға қоғам өкілдері қолдау білдірді. Ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. Соның арқасында бірнеше жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі ауқымды жұмыс бар»

Президент: «Басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Онсыз тұрақты әрі жан-жақты даму мүмкін емес. Референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаны жаңа саяси дәуірдің бастауы деуге болады. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін эволюциялық жолмен дамытуға жол ашты. Әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке реформалардың негізгі арқауына айналды."

Мемлекет басшысы:

"Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді.

Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам."

Президент:

"Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда, елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ, мемлекет тұғырын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы керек.

Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Өз бағдарламасын заңды жолдармен іске асыруы керек. Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды."

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді.

Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді."

Мемлекет басшысы:

"Жалпы, кез келген сайлауда қоғамның саяси кемелдігі сыналады. Қоғамда пікірталас қызу жүреді.

Сын – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі және аталған ұғым Қазақстанға да тән. Бұл – менің берік ұстанымым. Қоғамды трансформациялау және жаңғырту жөнінде қабылдаған шараларымыз халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Реформалар одан әрі жалғасады."

Президент:

"Біздің «Әртүрлі көзқарас, біртұтас ұлтқа» негізделген қағидатымыз мызғымайды. Сонымен қатар билікке қарай айтылған сын негізсіз болмауы тиіс. Сын конструктивті болғаны жөн. Саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне елімізде орын жоқ. Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет.

Барша отандастарыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және оны нығайту аса маңызды міндет екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы.

Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз."

 Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс.

Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек.

Тағы да айтқым келеді: үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс."

Мемлекет басшысы:

"Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ, көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз.

Мен бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда айттым. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мән береді.

Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан, біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек."

Президент:

"Кез-келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық.

Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел."

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш.

Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз.

Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін."

 Мемлекет басшысы:

"Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын.

Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, оны Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын.

Сенаттың қызметі табысты болсын! Баршаңызға амандық тілеймін!."

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатының отырысындағы сөзі аяқталды

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: