"1400 ауыл жойылған": Партиялар пікірсайыста ауылдың жағдайы туралы не айтты
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың айтуынша, ауылдың жағдайын көтеру үшін үш негізгі мәселені шешу керек. Мұндай пікірге ұқсас ұсынысты "Respublica" партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау да айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жигули Дайрабаевтың сөзінше, ауылда проблема көп. Бірақ ол негізгі үшеуіне тоқталды.
Оның айтуынша, ауылдың жағдайын көтеретін үш мәселе:
- Ауылдың инфрақұрылымын жасау;
- Еңбек адамының жалақысын түзеу;
- Екінші, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау.
"Себебі кейінгі 30 жылда біз ауыл шаруашылығының жай-күйін өте қиын жағдайға алып келдік. Ауыл шаруашылығында тұрақтылық жоқ. 30 жылда Ауыл шаруашылығы министрлігінде 19 министр ауысқан. Ондай кезде қандай тұрақтылық болады? Дұрыс емес бағдарламалар қабылданды. Ал сол үшін ешкім жауап берген жоқ", - деді Жигули Дайрабаев.
Одан соң сөз алған "Respublica" партиясының өкілі Сырымбек Тау партия білімге көп көңіл бөлетінін айта келе, оның ішінде ауылдағы білім мен қаладағы білімді теңестіруіміз керек деді.
"Қаладағы білім бағдарламасы мен ауылдағы білімнің бағдарламасы екеуі екітүрлі. Арасы 5 жылға ажырап кеткен. Біз осыны теңестіруіміз керек. Ол үшін ауылдағы мұғалімдердің жағдайын жасауымыз керек. Оны қалай жасайды? Ауылға үйлер салу керек. Ауыл мұғалімдері ештеңеге алаңдамауы керек. Екіншіден, Алматыда қазір 216 мың студент бар. Ал қала студенттердің ордасы болмай тұр. Студенттерді елдің басқа қалаларында оқытуымыз керек. Үшіншіден, білікті мамандардың жағдайын жасауымыз керек. Қаншама білімді адамдар шетел асып, қара жұмыс істеп жүргені, өкінішті", - деді Сырымбек Тау.
Сонымен қатар "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары бүгінде 1400-1450 ауылдың картадан жойылғанын мәлімдеді. "Ол ауылдың хәлі мүшкіл" деп пікірсайыс қатысушыларына Қазақстандағы ауылдардың жағдайын фотолар арқылы көрсетті.
"1400 ауыл картадан жойылып кеткен. Бүгінде 6 300 ауыл қалды. Оның тағы 2000-ға жуығы "болашағы жоқ" деген қара тізімге ілінейін деп тұр. Біздегі ресми статистика өтірік. Тәуелсіздік енді алған жылдары елде 38 млн қой болған. Ал 30 жылдан кейін бізде әлі 19 млн қой. Сосын 200 млн-ға жуық жайылым жеріміз бар. Оның 89 мыңы, жартысы ғана пайдаланылады", - деді Жигули Дайрабаев.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript