Жасқаншақ қазақ қызы өз басынан өткен харассментті айта бермейді – Қарақат Әбден
Депутаттың айтуынша, елді елең еткізген кейінгі хабарлардан кейін ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Депутатқа жеке түрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келген.
Қарақат Әбденнің сөзінше, харассментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары бір топ бар, ол – студенттер.
"Жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктің көп екеніне анық көзіміз жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жасалмайды. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет екені туындап отыр. Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ біз мұндай мәселені әрқашан студенттің батылдығына, басшының әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек". Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден
Депутат "Кеше ғана мектеп бітіріп, ауылынан шығып көрмеген ақүрпек балапандай жап-жас қыздарды қорғауымыз керек. Ибалы, кей-кезі тым ұялшақ, мүмкін, жасқаншақ қазақ қызы өз басынан өткен осындай жағдайды айта бермейді" дей келе Тамара Дүйсеноваға мынаны ұсынды:
- Харассментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғары оқу орнында тәуелсіз түрде өткізуді
- Профессорлық-оқытушылық құрам мен барлық студент қызға харассментке қатысты заңнамалық-құқықтық түсіндірме жүргізуді
- Барлық жоғары оқу орнының Жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізуді сұраймыз.
Бас прокуратураның деректері бойынша 2023 жылдың 10 айында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапқан.
"Бұл – қорқынышты статистика. Харасмент те зорлық-зомбылықтың бір түрі. Мемлекет басшысы өз жолдауында "Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік" қағидасын қалыптастыруды тапсырды. Сондықтан қоғамда болып жатқан істерге біріміз бірдей әсер етуіміз қажет. Көршінің үйіндегі дау-дамайға, әйелдің, студент қыздардың көмек сұраған жанайқайына бей-жай қарасақ, әріптес келіншектің бет-әлпетіндегі көгерген іздерге жанашырлық танытпасақ, заңда құдірет қалмайды. Айтылған ойымды қорытындылай келе, келер жылды зорлық зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынамын", - деп қосты депутат Қарақат Әбден.