Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды – Президент ғалымдармен кездесті
Сурет: akorda.kz
2024 жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент қазақ ғылымының қара шаңырағы - Ғылым ордасында ғалымдар қауымымен бас қосып отырғандығына қуанышты екенін жеткізді.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Жалпы, бұл жерде Президент халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткенін баса атап өтті.
"Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. "Ғалымның хаты өлмейді" деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр". Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ".Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды.
"Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс", - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуы керектігін нақтылады. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет.
"Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript