Президентке келіп түскен шағым: "Барыс" ХК-дағы қаржылық мәселеге жауаптылар жазаланды

Мемлекет басшысы "Барыс" хоккей клубының балалар мен жасөспірімдер командасы ойыншыларының ата-аналарының шағымына назар аударды. Бұл туралы 11 сәуірде ҚР Президентінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол ата-аналар хатта қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты Қазақстандағы балалар хоккейінің келешегіне алаңдаушылықтарын жеткізгенін айтады. Олар аталған мәселеге клубтың қазіргі басшылығы көз жұма қарағанын, сондықтан Президенттің осы іске араласуын сұраған.
"Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге орай жауапты органдарға тапсырма берді. Нәтижесінде "Барыс" хоккей клубының тәрбиеленушілерін Ресейдің осы маусымдағы чемпионатына қатыстыру жұмыстары қолға алынды. Шағымда көтерілген мәселелердің бәрі, соның ішінде клубтың отандық және шетелдік ойыншылар, жаттықтырушылар, басқа да ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелері бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы шешімін тапты", деп жазды Руслан Желдібай Telegram-дағы арнасында.
Клубтағы қаржылық жағдайдың нашарлауына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданды.
Бұған дейін Шымкентте жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №2 Оқушылар сарайына барғанын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз