Мәжіліс Ресеймен бірыңғай энергетикалық жүйелердің жұмысын қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялады
![Линии электропередач, электричество, электроэнергия, электроэнергетика , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.01.2025 15:10](https://www.zakon.kz/pbi/WEBP/2024-05-16/file-8505d958-9a40-4271-9441-e81e8147e8d8/400x225.webp)
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының энергетикалық жүйесімен қатар жұмыс істейтінін айтты.
"Электр энергетикасы жүйелерінің қатар жұмыс істеуі электр энергетикасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін құрайтын жүйелердің әрқайсысының сенімді және тиімді жұмысының маңызды факторы болып табылады. Энергия жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі келісім жобасының негізгі мақсаты қатар жұмыс істеу процесінде туындайтын тараптардың өзара қарым – қатынасын ресімдеу, сондай-ақ осы өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын негізгі шарттарды айқындау қажеттігі болып табылады", – деді министр.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның БЭЖ-де реттеуші қуаттардың тапшылығы байқалғандықтан, сондай-ақ электр станцияларындағы авариялық және жоспардан тыс жөндеулерге байланысты Ресей Федерациясының БЭЖ-мен шекарадағы нақты мемлекетаралық ағын сальдосының сағаттық ауытқу шамалары келісілген рұқсат етілген +/– 150 МВт көлемінен едәуір асып түсті. Кейбір сағаттарда қуаттылықтың ауытқуы 1500 МВт-қа жетті.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысының хаттамасына сәйкес 2009 жылғы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тапсырылды. (...) Ұзақ келіссөздер нәтижесінде рұқсат етілген диапазон ішінде ауытқулар құнын ұлғайтуды қолданбау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді және "KEGOC" АҚ мен "Интер РА" ЖАҚ арасындағы ауытқуларды өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу-сату жүзеге асырылатын өзекті жағдайлар көзделді, – деді Сәтқалиев.
Ол тек рұқсат етілген ауытқу диапазонының 2,5% кірістілік нормасын қолдану қарастырылғанын айтты.
"Айта кету керек, бастапқыда Ресей тарапы РФ БЭЖ ішкі тұтынушыларымен ұқсастығы бойынша рентабельділік нормасын 7-15% шегінде ұлғайтуды талап етті, оған қазақстандық тарап келіспеді. Осыдан кейін ұзақ келіссөздердің қорытындысы бойынша Интер РАО рентабельділік нормасын 15%-дан 5%-ға дейін төмендетті. Қазақстандық тараптың рентабельділік нормасын сақтауды қолдауына байланысты деңгейді 2,5%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Нәтижесінде диспетчерлік кестеде +/-150 МВт деңгейінде берілген ағындардың нақты сальдосының жол берілетін ауытқуының орташа сағаттық шамасы анықталды, оның шегінде қуат төленбейді, "Россети" ЖАҚ желілері бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер, электр энергиясын сатып алу және сату бірдей бағамен жүзеге асырылады", – деді министр.
Ол келісімді Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдарымен келісу процесінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық шарттың бастапқы мәтінінің жартысынан астамын өзгерту оны жаңа редакцияда бекітуді талап ететіні айқындалғанын, осыған байланысты қазақстандық тарап Ресей тарапына хабарлағанын айтты.
"Энергетика министрлігі, "KEGOC" АҚ, "ЖЭК бойынша РФО" ЖШС өкілдерінен тұратын келіссөздер тобы жоғарыда аталған Келісімге тиісті түзетулер әзірледі, олардың шеңберінде ресей тарапының талаптарын барынша азайту және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау қамтамасыз етілді. Оның ішінде "Атамекен" ҚР ҰКП және аккредиттелген ұйымдардың оң сараптамалық қорытындылары алынды. 2023 жылғы 9 қарашаның қорытындысы бойынша ҚР және РФ энергетика министрліктері арасында келісімге қол қойылды", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталғандығы хабарланған болатын.