Аңызға айналған Шыңғыс Есенаманов Қазақстан құрамасындағы мансабын аяқтады
Сурет: Instagram/esenamanov_10
Мини-футболдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы, "Семей" клубының ойыншысы, елге танымал футзал шебері Шыңғыс Есенаманов ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2025 жылғы 23 қыркүйекте футзалдан Қазақстан құрамасы Италияға қарсы ойында жеңіліп, Еуро-2026 турниріне жолдама ала алмады.
"Ойын өте ауыр өтті, жеңіліп қалдық. Әрине, бұл жеңілісті өз жанкүйерлеріміздің көзінше бастан өткеру өте қиын. Біз мұндай есеппен бұрын соңды ұтылмаған шығармыз... Бұл – спорт: біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Бұл жолы жолымыз болмады. 16 жыл бойы ұлттық құраманың намысын қорғадым. Құрамамен 20 жасымнан бастап бірге болдым. Қиын шешім... Мен онша сезімге берілетін адам емеспін. Жігіттермен бірге ойнау өте үлкен мәртебе болды. Бұл – спорт, бұл – өмір. Талай жарақатты да бастан өткердім. Енді ұлттық құрамада әр ойын сайын өзімді дәлелдеу маған қиын бола бастады. Бірақ мен әрқашан барымды салып ойнадым", – деді Шыңғыс Есенаманов Италиямен өткен матчтан кейінгі сұхбатында.
Ол құраманың қатарында жас буын өсіп келе жатқанын, болашақтың сенімді екендігін де атап өтті. Сонымен қатар, "Семей" клубында ойнауын жалғастыратынын айтты.
"Енді ұлттық құрамаға жанкүйер ретінде экранның ар жағынан қолдау көрсетемін. Әрине, дәл осындай жеңілістен кейін мансапты аяқтау оңай емес. Бірақ бұл – спорт, өмір жалғасады. Ұлттық құрамадағы жолым ұзақ болды. Мен клубтық мансабымды аяқтап жатырмын деп айтпаймын. Бұған дейін де айтқанмын – бұл менің Еуро іріктеуіндегі соңғы циклым екенін біраз ойыншылар білетін. Барша жанкүйерлерге алғысым шексіз", – деді ол.
Шыңғыс Есенаманов ұлттық құрама сапында 2009 жылдан бері ойнап келеді. Осы уақыт ішінде ол құрамада 118 ойын өткізіп, 35 гол соққан. Ол – Қазақстан құрамасы тарихындағы ең көп матч өткізген ойыншы. "Семей" клубының сапына 2023 жылы қосылған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript