Тағы бір аңызға айналған футзалшы Қазақстан құрамасындағы мансабын аяқтады
Сурет: Instagram/douglasjr14
Осыған байланысты Қазақстан футзал құрамасының көшбасшысы 2025 жылғы 25 қыркүйекте өзінің Instagram парақшасында видеоүндеу жариялады.
"Қазақстан ұлттық құрамасындағы ойыншы ретіндегі кезеңім осы сәтпен аяқталады, баршаңызға осыны жеткізгім келеді", – деді Дуглас Жуниор.
Оның айтуынша, бұл шешім 23 қыркүйектегі жеңіліске немесе Еуропа чемпионатына өте алмағандарына байланысты емес.
"Бұл шешімді мен бұрыннан, отбасыммен ақылдаса отырып қабылдадым. Бұл – саналы түрде жасалған шешім. Мен үшін, отбасым үшін, мансабым үшін осы кезеңді аяқтау – ең дұрыс шешім деп санадық. Әрбір кезеңнің өз соңы болады, менің кезеңім – дәл қазір аяқталды", – деп атап өтті спортшы.
Дуглас Жуниор осы 10 жылдағы кәсіби әрі жеке өмірінің бір бөлшегі болған барлық адамдарға алғыс айтты.
"Бұлар – менің спорттық мансабымдағы ең үздік 10 жыл болды деп толық сеніммен айта аламын. Какауға алғыс айтамын – ол мені 2014 жылы Қазақстанға әкелді. Қайрат Оразбековке, Андрей Мищенкоға – сенім білдіріп, шақырғаны үшін рахмет зор алғыс!" – деді Дуглас.
Қазақстан халқына, жанкүйерлерге арнаған сөзінде:
"Сіздер мәңгі менің жүрегімдесіздер!" – деп тебірене сөйледі.
"Мен әрдайым Қазақстан құрамасына жанкүйер боламын. Бірде менен: "Құрамадағы мансабыңа көңілің тола ма және қандай титул жетіспейді – Еуро ма, әлде Әлем чемпионаты ма?" деп сұрады. Мен былай жауап бердім: "Қазақстан құрамасының бір бөлігі болу және еліміздегі футзалдың дамуына үлес қосу – мен үшін ең үлкен жеңіс болды!" Баршаңызға рахмет! Мен әрдайым сіздермен біргемін. Алға, Қазақстан!" – деп аяқтады Дуглас Жуниор.
Дуглас Жуниор – Қазақстан футзалының аңызы
Дуглас Жуниор 2015 жылдың шілдесінде Қазақстан азаматтығын алды. Осыдан кейін ол ұлттық құрама сапында өнер көрсете бастады.
Құраманың сапындағы алғашқы ойынын ол 2015 жылғы 15 қыркүйекте Зеницада, Босния және Герцеговинаға қарсы өткізді (есеп – 5:0). Сол ойында екі гол соғып, сәтті дебют жасады.
10 жыл ішінде Дуглас Жуниор Қазақстан құрамасында 94 матч өткізіп, 67 гол соқты. Ол – құраманың ең үздік бомбардирі, әлемдегі ең мықты қорғаушылардың бірі, – Еуро-2016 турнирінің қола жүлдегері, – 2021 жылғы Әлем чемпионатының "қола добы" иегері.
Бұған дейін ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатының талисмандарын таныстырғанын жазғанбыз.