Элизабет Тұрсынбаева мен Этери Тутберидзе бірнеше жылдан кейін қайта кездесті
Сурет: Instagram/elizabetkz
Элизабет бұл әсерлі сәттің суреттерін 5 қазан күні өзінің Instagram парақшасында жариялады.

Сурет: Instagram/elizabetkz
25 жастағы спортшы қыз көпшілікке 2019 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында еркін бағдарламада төрттік сальховты орындаған тарихтағы алғашқы әйел ретінде таныс. Сол жылы Элизабет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.
Элизабет Қазақстан атынан өнер көрсетіп, спорттық мансабында әр кезеңде Этери Тутберидзенің тобында жаттыққан.

Сурет: Instagram/elizabetkz
Желі қолданушылары: "Бұл құшақтасу артық сөзсіз-ақ олардың бір-бірінің өмірінде қандай орын алғанын көрсетіп тұр" – деп пікір білдірді.
Дәл осы Этери Тутберидзенің басшылығымен Элизабет төрттік сальховты орындап, өз мансабындағы ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген болатын. Алайда, жарақаттарына байланысты ол спорттық мансабын ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Сурет: Instagram/elizabetkz
2022 жылдың ақпан айында Элизабет Instagram парақшасында ресми түрде спорттан кеткенін жариялады. Ол өз командасына, соның ішінде Этери Тутберидзеге алғыс айтып, бұл шешімді ұзақ ойланғаннан кейін және дәрігерлермен кеңесіп қабылдағанын жазды.
Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Денис Тен мемориалында жеңіске жеткенін жазғанбыз.