Ұялы телефонмен неге ұзақ сөйлесуге болмайды – маман кеңесі
"T1 integration" IT-компаниясының "Телеком" департаментінің директоры Андрей Никандров адам денсаулығына байланысты проблема тудырмас үшін ұялы телефонды қалай ұстауға болатынын айтты, деп хабарлайды "Прайм" агенттігі.
Никандров денесіне стимулятор қойылған адамдар электр толқынын бөлетін құрылғылардан мүлде аулақ болғаны жөн екенін айтады. Өйткені толқын қондырғының электродтарына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда толқынды шатасып қабылдаған құрылғы жүрек бұлшықеті жұмыс режиміне түзетулер енгізуі мүмкін.
Сондай-ақ, ұялы телефонды репродуктивті органдарға, ми және жүрек бұлшықеттеріне ұзақ уақыт жақын ұстауға жол бермеңіз. Сондықтан телефонмен ұзақ сөйлесуге де болмайды, оны қалтаға да салмағаныңыз жөн.
Сонымен қатар, шалбар қалтасына үнемі салынатын смартфонның бұзылу қаупі жоғары. Қазіргі телефондарда деформацияны ұнатпайтын литий батареялары қолданылады, сондықтан қалай болса солай салына салған ұялы телефонда қысқа тұйықталу орын алып, содан кейін өрт шығуы мүмкін.
Ұялы телефонды жастықтың, көрпенің астына қою өте қауіпті. Өйткені мұндайда гаджет өздігінен салқындай алмайды. Оның үстіне ол зарядтау үшін токқа қосулы болса, қызу тез жүріп, батареяға теріс әсер етеді. Мұндай жағдайда өрт қаупі де жоғары.
Маман алыс аймақтағылар үшін телефон операторлары базалық станциямен байланысу үшін берілетін сигналдың қуатын арттыратынын атап өтті. Тиісінше, оның иесіне теріс әсері арта түсуі ықтимал.