Сапасыз тауарды қалай қайтарамыз? Заңгер кеңесі
Сатып алған тауарды кепілдік мерзімі ішінде ауыстыруға немесе қайтаруға болатынын білеміз. Бірақ сатушы тауардың кепілдік мерзімін көрсетпесе, қайтеміз? Заңгердің сөзінше, мұндай жағдайда өндірушінің кепілдігіне баса назар аудару қажет.
ҚР "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңның 23-бабы 2-тармағына сай, сатушы өндірушінің кепілдігін азайтуға құқығы жоқ.Adilzanger заңгер-кеңесшілер палатасының кеңесшісі Жасұлан Айтмағанбетов
Маманның айтуынша, құжаттарда немесе өндірушінің сайтында кепілдік көрсетілген болса, онда сол кепілдік ескеріледі. Алайда кепілдікті сатушы да, өндіруші де бермесе, "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңның 17-бабы 2-тармағына сүйенеміз.
Осы заңға сай тұтынушы тауарда ақау болуына байланысты екі жылдан аспайтын мерзімде талап қоюға құқылы. Қолданыстағы заң бойынша тауардың кепілдік мерзімі көрсетілмесе де, тұтынушыда екі жыл кепілдік бар.Заңгер Жасұлан Айтмағанбетов
Кепілдік мерзімі 6 ай, бір жыл болса да, тауардың кемшіліктеріне байланысты талаптар "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңның аталған 17-бабы, 2-тармағына сай екі жыл ішінде беріледі.
Сатушы беретін кепілдік пен заңдағы кепілдіктің айырмасы қандай?
Сатушының ресми кепілдігі болса, ол тұтынушының талаптарын орындауға немесе оның кінәсін дәлелдеуге міндетті.
Ал заңның екі жылдық кепілдігі бойынша тұтынушы тауарды сатып алғанда ақауы болғанын дәлелдеуі керек. Бұл "ҚР Азаматтық кодексінің" 429-бабында көрсетілген.