Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыда «Құрышжанов оқулары» өтті

Zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.02.2018 16:47 Zakon.kz
Жиынды Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тымболова ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының ғылыми еңбектерін зерттеп, зерделеу мақсатында «Құрышжанов оқулары» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл туралы zakon.kz оқу орнының Баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі жиын барысында жалпы түркі әлеміне, түркітануға оның ішінде тіл, әдебиет, әлеуметтану, тарих, қоғамтану, өнер тарихы, халықаралық қатынастар, байланыс салалары бойынша өзекті мәселелер бағамдалды. Сонымен қатар, түркі тілдерінің тарихы мен рухани мұралары, қыпшақтанудың жалпы және жеке мәселелері, түркі халықтарының тарихи-мәдени байланыстары, профессор Әбжан Құрышжанұлының түркі дүниесін, тілі мен тарихын, руханиятын зерттеуге, жалпы түркітану іліміне қосқан үлесі туралы сөз қозғалды.

Конференцияға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар мен тіл мамандары қатысты. Атап айтқанда, Түркияның Омер Халисдемир Университеті, Ахи Евран Университеті, Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Каспий Университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары онлайн желісінде байланысқа шығып, тақырып аясында баяндама жасады.

Жиынды Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тымболова ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды.

– Бүгінде уақыт талабына сай мұндай халықаралық интеграциялар мен байланыстарды нығайтуға қызмет ететін әлемдік ауқымдағы кәсіби мамандар қажет. Мұндай ғалымдар қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие. Солардың бірі – Әбжан Құрышжанұлы еді. Бұл есім берісі – қаймана қазаққа, арысы – әлем түркітанушыларына таныс есім болды. Зерттеушілік мол түйсігі мен қарымды қаламгерлігінің арқасында төл тарихымыздың тереңіндегі орта ғасыр ескерткіштерін, бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылымға енгізіп, көпшілікке қайта қауыштырды, – деп атап өтті ол.

Кеңес жұмысы «Түркітану ғылымы жастар көзімен», «Жаңартылған білім мазмұнынына жаңа бағдар» атты екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар «Профессор Ә. Құрышжанұлы және қыпшақтану ілімі», «Түркі дүниесінің рухани мұрасы: әдебиеті мен мәдениеті», «Түркі өркениеті және тәлім-тәрбие мәселелері», «Түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысы: лингвомәдениеттану және елтану мәселелері», «Түркі халықтарының тарихын зерттеу мәселелері мен перспективалары», «Түркі жәдігерлеріндегі жаратылыстану туралы ойлар», «Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны» және «Жаңартылған білімге – жаңаша көзқарас» бағыттары бойынша зерттеу еңбектерімен бөлісті.

Басқосуда Ахи Евран Университетінің докторанты Осман Қабадайы «Қазақстанның жаңа латын әліпбиі туралы кейбір ойлары», Қыздар Университетінің студенті Айнұр Өтеуова «Ғалым Əбжан Құрышжанұлы зерттеулеріндегі фонетиканың кейбір мəселелері», Айгерім Науанова «Профессор Əбжан Құрышжанұлының этимологиялық зерттеулері», Назерке Ерғазы «Әбжан Құрышжанұлы зерттеулері», Ақнұр Шамшаддинқызы «Білім беру жүйесіндегі кіріктірілген сабақ ерекшеліктері» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Әділет Ықылас «-ман аффиксінің тарихи этнонимдері» тақырыптарында баяндама жасады.

Жиын соңында Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Жарқынбике Сүлейменова қатысушыларға алғысын білдіріп, конференцияға белсенді қатысқан бір топ студент пен магистрді Алғыс хатпен марапаттады.

Әбжан Құрышжанұлы – қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ә. Құрышжанұлының зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналған.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: