Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Оқи отырыңыз

Сарапшы пікірі: Әліпби – ұлттық болмысты сақтау құралы

Бұл жолғы әліпби алғашқы нұсқасына қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі икемдірек.

Сурет : 20 Ақпан 2018, 16:48

Елбасының 2017 жылғы 19 ақпандағы Жарлығына сәйкес латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді. Еліміздің зиялы қауымы, соның ішінде жастар Елбасының әліпби ауыстыру бастамасын әу бастан-ақ қолдап келеді. Бұған, біріншіден, латын жазуының заманауи барлық талаптарға сай келуі, екіншіден, кириллица графикасының қазақ тілінің дамуына толық сай келмеуі, үшіншіден, әлемдегі қазақ диаспораларының әр түрлі әліпби қолданып, қиындық көруі себеп болды.

Бұл жолғы әліпби алғашқы нұсқасына қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі икемдірек. Ешнәрсе мәңгілік емес. Кез келген жаңа дүниені де жетілдіруге болады. Демек, бұл әліпби де заман талабына сай әлі де өзгеруі бек мүмкін. Дегенмен, ең бастысы, Елбасы ел тілегін тыңдады. Мемлекеттік комиссия қоғамдық пікірге құлақ асты. Зиялы қауым мен жастардың талап-тілегі еш кетпеді. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтпақшы, әліпбиді қолданысқа енгізуде, тілімізге және ғаламторға бейімдеу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүргізіле бермек.

Жаңа әліпби ұлтымызды рухани жаңғыртуға, елімізді дамыған елдердің қатарына қосуға зор серпін берері анық. Қиянда қалған 5 миллионнан астам қандастарымыз бен атажұрттағы қазақтың арасында алтын көпір орнайтыны анық. Осылайша, қазақ баласы жаһандану жағдайында ұлттық болмысын сақтауға зор мүмкіндік алады.

Қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің тілдік, технологиялық, әлеуметтік, саяси-идеологиялық т.б. артықшылықтары бар.

Осы мәселені зерттеген адам ретінде әліпби ауыстырудың ұлт үшін маңызына тоқталып кетсем деймін.

Әліпби – ұлтты біріктіретін мәдени код

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қытайлықтар үшін иероглифтер біртұтас қытай ұлтын біріктіретін мәдени код болып саналады. Қытай тілінің түрлі бөлігі әр алуан айтылу нұсқасына ие. Бұл өз кезегінде елдегі ауызша коммуникацияға айтарлықтай кедергі болып табылады. Сол себепті қытайлар мұсылмандар әлемі секілді дыбыс арқылы емес, жазу таңбасы арқылы ортақ қауымдастыққа бірігеді.

Супердержавалар аз ұлттарды жұтып жатқан жаһандану дәуірінде біздер үшін де ұлт болып бірігудің маңызы зор. Бұл ретте, Қазақстанның қазақ елі екендігін айғақтайтын басты атрибут, ол – қазақ тілі. Ал қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі, қазақша ойлауы үшін орыс жазуынан құтылудан басқа жол жоқ. Олай болса, сөзден іске көшетін кез әлдеқашан жетті. Латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ ұлттық бірегейлігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, Түркі әлемімен, әлем қазақтарымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ға¬ламторда қазақ жазуы толық оқылып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсекеге қабілетті ұлт боларымыз анық.

Жазу – ұлттық бірегейліктің негізі

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (ұлттық сана), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел халық болудан қалады», – деп айтқан. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз.

Америкалық этносаясаттанушы Бенедикт Андерсонның «Елестетілетін қауымдастық» тұжырымдамасына сәйкес, ұлт елестетілетін саяси қауымдастық болып табылады екен. Ол өзінің бұл тұжырымдамасын Еуропада XV-XVI ғасырда басталған «баспа капитализмімен» (print capitalism) түсіндіреді. Андерсонның айтуынша, осы уақыттан бастап баспа капитализмі алдымен кітаптарды, кейіннен газет-журналдарды жаппай шығаруға ұйытқы болған.

Әлемдік мәдениет жүйесінен ығысып, өлі тілдер қатарынан орын алған латын тілі ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, одан кейінгі кезеңдерде Шығыс Еуропа, Азия мен өзге де аймақ тілдерінің дамуына серпін берді. Осы кезеңде баспа өнімдерін оқитын бұқаралық оқырман қалыптасты. Үнемі бір баспа өнімін (газет, журнал, көркем әдебиет, оқулықтар т.б.) үзбей оқу арқылы оқырмандар санасында белгілі-бір іштей байланысқа негізделетін елестетілетін қауымдастық қалыптасты.

Осылайша олардың бойында ортақ сәйкестілік пайда болып, ол ұлттың қалыптасуына алып келді. Қалыптасатын осы іштей өзара байланысты қауымдастықтың негізі оған кіретін мүшелерінің барлығының ортақ бірегейлігі болып табылады. Осының нәтижесінде ұлт туып, дамиды. Андерсонның елестетілетін қауымдастық жөніндегі осы тұжырымдамасы арқылы ұлттың қалыптасуына жазудың ықпал еткенін ұғынамыз.

Айдос Садуақасов,
саяси ғылымдарының кандидаты


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Қызықты
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер