Жаңалықтар тізбегі
0

«Booking.com» компаниясының Амстердамдағы бас кеңсесінде 15 қазақстандық жұмыс істеп жүр

kaztrk.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.05.2018 15:17 kaztrk.kz
Кадрдың қадірін білетін компания қазақстандық мамандарға да бар жағдайды жасап отыр.

Қазақстанның IT - мамандарына шетелде сұраныс жоғары. Америка мен Еуропаның алпауыт компаниялары ақпараттық технологияның қыр-сырын меңгерген қазақ жастарын жұмысқа шақыруды жиілетті. Мәселен, қонақ үйлерді брондаумен айналысатын «Booking.com» компаниясының Амстердамдағы бас кеңсесінде қазір 15 қазақстандық жұмыс істеп жүр, деп жазады Қазақстан Ұлттық телеарнасы.

Нұрсұлу Қасым, тілші: - Шетелге іссапарға шығып, саяхаттайтын көпшілікке жанға жайлы қонақ үй табуға көмектесетін осы – «booking» компаниясы. Әлемнің 120 еліндегі бөлімшесінде қазір 15 мыңнан астам адам қызмет етеді. Арасында біздің 15 қазақстандық та бар. Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, компанияның ішінде түсіруге рұқсат жоқ. Сондықтан, біз жерлестерімізбен қаланың орталығында кездестік.

Әлемдік алпауыт компанияға жұмысқа қабылданған тұңғыш қазақ - Әлібек Дәтбаев. Бұған дейін АҚШ-тың Силикон алқабында екі жыл табысты еңбек еткен маманмен голландиялықтар алғашқы кездесуден кейін бірден келісімшарт жасасыпты. Әлібектің ұсынуымен артынша шымкенттік Аман, кентаулық Илья да сайтқа орналасқан.

Аман Өтемұратов, IT-маман: - Гугл, фейсбук болсын, басқа топ техникалық компанияларда сұрайтын есептер бар. Сондай есептерді көбірек шығарып, дайындалдым. Кейін соның арқасында осы «booking»-те істеуге лайық инженер екенімді дәлелдеп, осы жаққа жұмысқа тұрдым.

Илья Сидорович, IT-маман: - Бұл жерде менталитет, бизнесті жүргізу, бәрі басқаша. Қатып қалған заң, бекітілген жұмыс уақыты жоқ. Барлығы сенімге құрылған. Бұлар «біз ақылды адамдарды жұмысқа алдық, ал, ақылды адамдар қалай жұмыс істеу керек екенін өздері біледі»,- деген қағиданы ұстанады.

Кадрдың қадірін білетін компания қазақстандық мамандарға да бар жағдайды жасап отыр. 5 мың еуродан басталатын жалақы, тегін түскі ас, жұмыс үстелінен қысы-жазы арылмайтын жеміс-жидек. Жолақыдан бөлек, қызметкері сатып алған велосипедтің 80 пайыз құнын компания өзі төлейді. Саяхатқа, қонақ үйлерге жеңілдіктер жасап, кәсіби шеберлігін арттыру курстарында тегін оқытатыны тағы бар. Бірақ, қазақ жастарын қызықтыратыны бұл емес.

Аман Өтемұратов, IT-маман: -Жоспарлап отырғаным, 4-5 жыл шетелде әбден тәжірибе, білім жинап, жұмысты жүргізуді үйреніп, елге қайту.

Мәди Сағымбеков, IT-маман: - Қысқа уақытқа қалуға болады, бірақ, Қазақстанға ораламыз. Барған кезде осы жақтағы жұмыс мәдениетін енгізгім келеді. Өйткені, бұл жерде жұмыс мәдениеті басқаша. Бұл жерде әріптестерім айтқандай, бастық деген нәрсе жоқ. Бәрі бірге жұмыс істейді. Әркімнің ойы тыңдалады.

Алматы, Астана, Шымкент, Тараз бен Павлодардың жастары бір үйдің баласындай тату. Елден келген базарлықты бөліп жеп, өзгеден көрген-түйгендерін бір-біріне үйретеді. Көздегендері де сол - Еуропаның тың тәжірибесін Қазақстанда енгізіп, елдегі сандық технологияны дамыту. Осылайша, Әлібек бастаған «Booking»-гі қазақстандықтар «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деп әлек.

Нұрсұлу Қасым

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: