Жаңалықтар тізбегі
0

Алакөлдің инфрақұрылымы жақсарып келеді

egemen.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.07.2018 17:31 egemen.kz
Дәл қазір Алакөл тәулік бойы тоқтау­сыз жұмыс істеп тұр деуге болады.

Алакөлдің Шығыс Қазақстан ау­ма­ғындағы бөлігіне тынығуға келу­ші­лер қатары кейінгі жылдары күрт көбейді. Бұған соңғы екі жыл мұғ­дар­ындағы қомақты қаржы бөлі­ніп, көл жағасына жүргізілген абат­тан­дыру жұмыстары, демалыс үй­лерінің ретке келтірілгені, автовокзал, сауда орындары, дәмханалар мен ойын-сауық нысандарының салынуы себеп болғаны анық деп жазады Егемен Қазақстан газеті.

Кәсіпкерлер көгалдандыруға қашан көңіл бөледі?

Дәл қазір Алакөл тәулік бойы тоқтау­сыз жұмыс істеп тұр деуге болады. Жан-жақтан келген демалушылар көл суына түн мезгілінде де түседі. Жақында жұмыс сапарымен Алакөлде болғанымызда жергілікті жұрт орталық деп атап жүрген, жағалауы біршама абаттандырылған Арбаттың күндіз-түні адам аяғынан босамайтынын аңғардық. Әсіресе түн баласында бұл жерге туристер құмырсқаша қаптайды екен.

Жастар көл жағасында суретке түсіп, би алаңына барып, сейіл-серуен құрса, үлкендер толқын тербеткен Алакөлге көз салып, сәнді кірпіш төселген жағалауды жаяу аралап, шатыр астындағы орындықтарда отырып тыныққанды жөн көреді. Кішкентай балаларға да қызық жетерлік. Ойын алаңы дейсіз бе, алтыбақан, әткеншек дейсіз бе, жалға берілетін түрлі машиналар дейсіз бе, бәрі бар.

Тек қалтаңыз көтерсе болғаны. «Арбатта туристер құмырсқаша қап­тай­ды» деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені Алакөлге келген елдің ең әуелі баратын, жақсылап серуен­деуге, тамақтануға, көңіл көтеруге болатын жалғыз орны әзірге осы Арбат болып тұр. Жолы асфальтталмаған, ауласы толық абат­тандырылмаған көшелерде орналас­қан демалыс үйлерінде тынығып жатқан жұрт­тың бәрі кеш бата Арбатқа барады.

Об­лыс басшысы Даниал Ахметов Ала­көлге әр келген сайын мұндағы кәсіп­кер­лерге «қызмет көрсету сапасын жақ­сартыңдар» деп айтудайын айтқанымен, Арбаттан сәл шалғай орна­лас­қан демалыс үйлері әзірге тек келушінің үш мезгіл тамағы мен жатар ор­нын ұсынушы қызметін атқарудан аса ал­май тұр­ғаны жасырын емес. Арбаттан алыс­тау орын тепкен демалыс үйлерінің кө­бінің ауласы тастақ, шаңдауыт екенін де бай­қадық. Демалушыларға қапырықта сая болар, көлеңкесін түсірер бірде-бір ағаш­ты таппайсың. Кейбір демалыс үй­лерінің иелері ырымын жасап, ғима­рат­тың іргесіне гүл отырғызып қойыпты. Оған да шүкір дедік. Алайда көлде тыны­ғу­шыларды су үстінде серуендетуге арнал­ған қайық, тағы басқа да заттары сақа­дай сай демалыс үйлері иелерінің өз­дері нәпақасын тауып отырған нысанда­рын абаттандыруға, көгалдандыруға, инфра­құ­рылымын жасақтауға келгенде кежегесі неге кейін тартатынын түсінбедік.

Әлде жағдайлары болмай жатыр ма? Бүгінде көл жағасын абаттандыруға белсене кіріскен облыс, аудан басшылығы алдағы уақытта Арбаттан сәл алыстау жат­қан демалыс үйлеріне де мән беріп, сол маң­дағы жолдарды асфальттап, дем­алыс үйлерінің иелеріне талапты күшейту керек секілді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер «аққу, шортан һәм шаянның» кебін кимей, бірін-бірі толықтырып, бірлесе жұмыс атқаруы қажет сияқты.

Балшық сатқан балалар

Алакөлге барған жұрт көл жағасынан міндетті түрде «грязь берём» деп әрлі-берлі жүрген іргедегі ауылдардың қара сирақ балаларын көреді. Олардың грязь дегендері – балшықтың екі түрі. Қара балшық және ақ балшық. «Балшықты 6 шақырым жерден әкелеміз. Ақ балшық бетке жақсы. Қара балшық аяқ-қолға пайдалы», дейді сатушы балалар. Көл жағасындағы демалушылар негізінен жарты литрі 200 теңге тұратын қара балшықты сатып алып, денелеріне былшылдатып жағып, шыртылдатып суретке түсіп жатады.

Байқағанымыз, емдік қасиеті бар делінетін бал­шықты әркім білгенінше пайдаланып жүр. Бірақ оны нақты қалай пайдалану ке­ректігін тәптіштеп түсіндіріп беретін, ақ балшықтың пайдасы қандай, қара балшықтың пайдасы қандай екендігін тап басып айтатын адам таппайсыз. Әрине, Құдай бетін аулақ қылсын, егер балалар бетке пайдалы деп сатып жүрген ақ балшық демалушылардың біріне жақпай, ауырып қалса кім жауап бермек? Бұл жағына бас қатырып жатқан ешкім жоқ секілді.

Сондықтан алдағы уақытта Алакөлдің ем­дік қасиеті бар бал­шықтары туралы демалушылардың бар­лығына таратуға болатын арнайы нұсқаулық шығару немесе көлдің балшығын тереңдете зерттеп, заңды түр­де дәріханаларға сатылымға шығару мәселесін қарастыратын кез жеткен сияқ­ты.

Дәріхана демекші, Өскемендегі дәрі­ханаларда емдік қасиеті бар бал­шықтар сатылады. Вал­дайская, кембрийская, анапская деп аталатын балшықтар сатылымда бар. Олардың өзі ақ, қара, көк, көгілдір, жасыл, қызыл, сары түске бөлінеді. Барлығы да Ресейде шығарылады. Өкініштісі, елімізде өндірілген балшықтың бірде-бір түрі жоқ.

Олқы тұсымыз – осы балшықты кәдеге жарату, өңдеу жағы қолға алынбай тұр. Осы іске ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Мұны Алакөлдегі «Арасан Алакөл» демалыс үйінің иесі Дулат Асылбековпен пікірлескен кезімізде білдік.

«Айналып келгенде, мәселенің бәрі жерге ке­ліп тіреледі. Егер бізге Алакөлдің жаға­лауынан жерді жал­ға беретін болса, қара балшықты өндіруге дайынбыз. Өндіру дегенде, ең әуелі балшықты сараптамадан өткізу қажет. Одан кейін өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Егер мемлекет тарапынан, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болса, қара балшықты сапалы түрде өңдеп, медициналық және өзге де талаптарға сай арнайы орын ашу­ға дайынбыз. Алайда біздің бұл ұсынысымыз ескерілмей отыр. Жергілікті әкімшілікке бірнеше рет ұсыныс білдіргенбіз», дейді кәсіпкер.

Соңғы жылдары Ресей ға­лымдары біз әлі қадірін білмей жүрген Алакөл балшығының құрамын зерттеп жатқан көрінеді. Тасбақа табандап жүргенде балшығымызды өзгелер патенттеп алып, өкініп жүрмесек болғаны.

Демалушылар далада отыр

Қазақ – тәубешіл, талап етуге тиіс дүниені талап етпейтін шектен шық­­­­қан төзімді халық. Мұны айтып отыр­ғанымыз, Алакөлге келіп жатқан, келгісі келетін демалушылар «көлдің жағалауы бұрынғыдан әлде­қайда жақсарды ғой. Ұшақ ұшып, пойыз жүріп жатыр. Бұдан артық не керек?» деп тек осыны көңілдеріне медеу етіп жүргендей. Әрине ұшақтың ұшқаны, пойыздың жүргені жақсы ғой. Ал сол пойызбен келетін де­малушыларға тиісті жағдай жасалып жатыр ма? Бұл туралы сәл кейін. Жылдан-жылға қызмет көр­сету сапасы жақсарып келе жат­қан Алакөлге келушілер үшін биыл 21 маусымнан бас­тап «Өскемен – Жалаңашкөл», «Семей – Жалаңашкөл» бағыттары ашылғаны белгілі.

Яғни Өскемен мен Семей тұрғындары Алакөлдің іргесіне дейін («Жалаңашкөл» стансасынан Алакөлге дейін 60 шақырым шамасында) шаршамай-шалдықпай пойызбен жетуге мүмкіндік алған еді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта турис­тер үшін арнайы шығарылған пойыздың 1 құрамы, яғни 5 вагонымен 260 адам қатынайды. Алакөлге әжептәуір жақындататын пойыз­дың жолға шыққанына облыс тұрғындарының қуанып жатқаны рас. Алайда бір түйткіл, Алакөлде армансыз тынығып қайтқан демалушылардың көңіліне кірбің түсіріп тұрғанын айт­пасқа болмас. Бұл – «Жалаңашкөл» стан­сасында жолаушылар отыратын вокзалдың жоқтығы. Вокзал болғанда бұл жерге үлкен вок­залдың қажеті шамалы. Алакөлден кел­ген тұрғындар пойыз келгенше күтіп отыратын шағын вокзал қажет-ақ. Бұл – демалушылардың тілегі. Қазір Өскемен мен Семейге қайтатын туристер пойыз­ келгенше далада күтуге мәжбүр. Жаң­быр жауса тығылатын жер де жоқ.

Стансада жұмыс істейтін Қуандық есімді жігіт станса жанында есігі құлыптаулы тұрған бос ғимарат бар екенін, соны вокзал ретінде ашса да болатынын айтты. Тағы бір байқағанымыз, Жалаңашкөлде демалушыларға арнал­ған жөні дұрыс дәмхана да жоқ. Де­малушылар тамақтану үшін екі үстелі бар шағын асханада кезекке тұруға мәжбүр. Көл басынан стансаға дейін таксилер әр адамға 2500, көлік салонына 10 000 мың теңге алады екен. «Таксистері қымбат екен. 200 шақырым Семейге Өскемен таксилері 3000 теңге алады. Бұлар айналдырған 60 шақырымға 2 мың теңгеден көп сұрайды», деп наразылықтарын білдірген демалушылар да болды. «Жалаңашкөл» стансасы мен Алакөл­дің арасын жалғайтын 60 шақырымға жуық жол былтырдан бері жөнделіп жатқаны белгілі. Алайда жолдың жартысы әлі жөнделіп біткен жоқ.

Об­лыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Бейсенұлымен хабарласқанымызда Қабанбай ауы­лы мен «Жалаңашкөл» стансасы ара­сындағы жолдың 28 шақырымы жөн­делгенін, қалған 22 шақырымының жөндеу жұ­мыстары қыркүйектің ая­ғына дейін аяқталатынын жеткізді. Аталған басқарманың жол бөлімінің басшысы Нұрбек Тұраров 2017 жылы «Мақаншы – Жалаңашкөл» бағытындағы облыстық маңызы бар авто­жолдың 82-133 учаскесіне (51 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары бас­талғанын, былтыр соның 26 ша­қырымы жөнделгенін, ал биыл оған қосымша осы жолдың 66-82 ша­қырымына орташа жөндеу басталып, екі учаскедегі жөндеу жұмыстары жақында бітетінін айтты.

Жолдың жайы мәлім болды. Ал «Жалаңашкөл» стансасына вокзал салу мәселесі қашан шешіледі? Әсет Бейсенұлынан бұл туралы сұра­ға­нымызда: «Станса Алматы облысының аума­ғында орналасқан. «Қазақ­стан темір жолы» меке­месіне қарайды. Егер жолаушы­лар көп болатын болса, бұл мәселені қарастыруға, ұсыныс айтуға да­йынбыз», деп жауап берді.

Түйін

Айта берсе, Алакөлде атқа­рылып жатқан жұмыстармен қатар шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның ең маңыздысы – көл тазалығы, көлдің болашағы. Бұл туралы жұртшылық әлеу­меттік желілерде де көп айтып, жазып жатыр. Ендеше, алдағы уа­қытта көл жағалауындағы инфрақұрылымды жақсартуға, туристер санын көбейтуге ғана емес, шипалы көлдің келешек ұрпаққа қажеттігін де назарда ұстап, тиісті шараларды дер кезінде қолға алғанымыз жөн секілді.

Азамат Қасым

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: