Жаңалықтар тізбегі
0

Гаухар Алдамбергенова: Қыздар Университеті – дамудың даңғыл жолындағы оқу орны

www.zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.08.2018 21:20 www.zakon.kz
Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Отандық жоғары білім беру саласында өзіндік ерекшелігі бар дара оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағы жайында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Гаухар Алдамбергеновамен zakon.kz сұхбаттасты.

– Гаухар Төремұратқызы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап білім беру, ғылым саласында еселі еңбек етіп келесіз. Бүгінгі атқарып отырған қызметіңіздің жауапкершілік жүгінің зор екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Сіз басшылық жасайтын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – өзіндік ерекшелігі мен дәстүрі бар іргелі оқу орны. Әңгімеміздің әлқиссасын аталған білім ордасының ерекшелігі жайынан бастасақ.

– Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Алдына қазіргі уақыт талабына толық жауап бере алатын педагог кадрларды даярлауды мақсат етіп қойған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің қызметін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізеді. Университеттің 6 факультетіндегі 28 кафедра 42 бакалавр мамандығы, 23 магистратура мамандығы және 4 PhD докторантура мамандығы бойынша мұғалімдер дайындайды. Сонымен қатар, сырттай оқу бөлімінің студенттері 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистрлер мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 250-ге жуық ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторы мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 30 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Қазіргі күнде университетте студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

– Гаухар ханым, халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Еліміздің әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджін бұдан да мықтырақ ету үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейту қажеттігі турасында сөз қозғалып келеді. Бұл тұрғыда Қыздар Университетінде қандай жұмыстар атқарылуда?

– Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын. Қазақстанда отбасы, әйел және бала сұрақтары бойынша жеткілікті құқықтық негіз және қоғамның отбасы маңыздылығын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін түсіну қалыптасқан. Осы саясатты нығайту мақсатында университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аймағында бірден-бір екенін ерекше атап өткім келеді. Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсатының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру.

– Жаңа сөзіңізде жақсы қыз бала тәрбие турасында жақсы айтып өттіңіз. Расында да ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі – қыздарға тікелей байланысты екендігі белгілі. Бұл орайда оқу орнындағы игілікті істерге тағы бір тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қыздар Университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Еліміз тәуелсіздік алып, өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені, қазақ халқының озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар, адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда Қыздар Университетінде заман көшіне ілесу мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман дайындауды мақсат етіп келеміз. Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар Университеті өз қызметінде тәрбие саласын, қазақстандық патриотизмді, Мемлекет басшысының Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттауды басты назарда ұстайды. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ мамандарды тәрбиелеу мақсатында 38 ұйым қызмет атқарады. Қаракөз студенттеріміз университет қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, рухани құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жұмыстарына белсене қатысып отырады. Қыздар Университетінің студенттері адамгершілігі жоғары тұлға ретінде әртүрлі қоғамдық акциялар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып отырады. Болашақ әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласындағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі.

– Тәуелсіздік жылдарында да отандық білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып, реформалар табысты жүзеге асырылуда. Сіз басқаратын оқу орнында бұл тарапта қандай істер жүзеге асырылуда?

– Қазақстан өркениетке қарай өнегелі жолмен дамудың жаңа өнеркәсіптік кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, стратегиялық құжатта білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігін де алға тартып отыр. Осы межелерді орындау барысында еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер қолға алынды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектеп мәселесі, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Біздің ойымызша, аталған міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түсу керек. Бұл осы аталған міндеттердің орнықты іске асуына ұйытқы болмақ. Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеруге де басты назар аударған абзал. Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Жоғары оқу орындарының түлектерінің алдында тұрған басты міндет – университеттен алған білімдерін тәжірбиемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу екендігі белгілі. Осы орайда биылғы оқу жылында Қыздар Университетін қанша білімгер бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады», деп атап өткен болатын. «Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында» деген Елбасы әрқашанда ұлттың болашағы педагогтың қолында екендігіне баса мән беріп келеді. «Ұстаздар ұстаханасы» Биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бакалавриаттың 43 мамандығы бойынша 1538 студент пен магистратураның 23 мамандығы бойынша 168 магистр бітіріп отыр. Түлектердің 1020-сы күндізгі, 518-ы сыртқы бөлім бойынша тәмәмдады. Олардың 276-сы үздік диплом иегері. Ұстаз – болашақ ұрпақтың бағбаны, шәкіртінің бойына біліммен бірге тәрбие сіңіруші, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірегін нұрландырушы. Қара шаңырақ білім ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан жас маман иелерінің басты мақсаты – келешегі кемел егемен еліміздің болашақ жастарын тәрбиелеуге, білімі мен біліктілігін арттыруға, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосу болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: