Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Оқи отырыңыз

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 21 кітап жарық көрді

Олардың қатарында оқу орнының ғалым-ұстаздарының монография, оқулықтары мен оқу құралдары бар.

Сурет : www.zakon.kz20 Тамыз 2018, 11:54

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ, орыс және ағылшын тілінде 21 кітап шықты. Бұл туралы zakon.kz оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың қатарында оқу орнының ғалым-ұстаздарының монография, оқулықтары мен оқу құралдары бар.

Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбайдың «Қазақ эпосының этникалық сипаты» атты монографиясында эпос жанрының ұлт табиғаты, психологиясы, әдет-ғұрпы, салт-санасымен байланысы жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар, еңбекте қазақ әдебиетіндегі мол эпостық мұраның танымдық сипаты ұлт тарихымен байланысты кеңінен сипатталған.

Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің оқытушылары Рахия Дәрменова, Марат Тұрғымбай және Бибігүл Өтегенованың авторлығымен жарық көрген «Сәндік қолданбалы өнер» атты оқу құралы сәндік қолданбалы өнердің тарихи және теориялық даму үрдісі жөнінде тереңірек білім алып, көркем шығарманы талдауға, ол туралы өз пікірін сауатты жеткізе білуге үйренеді. Кітап рухани мәдениетіміздегі асыл мұрамызды зерделеуге, көркемдік тәрбиені насихаттауға жол ашады.

Түркі халықтарының мақал-мәтелдері мен шешендік сөз өрнектері және оның қазіргі заманмен рухани сабақтастығы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің профессоры Болатхан Сарбасовтың «Ежелгі дәуір және түркі халықтары әдебиеті» атты оқу құралында зерделенген. Сондай-ақ, кітапта түркі ескерткіштеріндегі фольклорлық образдар мен мотивтер де анықталған.

Бабаларымыздың математика, астрономия, физика, жаратылыстану салаларын жетік білгендігі, байырғы заманда қазақ халқының оқу-білімге құштар болып қана қоймай, өзіндік өлшемдер мен математикалық әдіс-тәсілдерді ойлап тапқаны да анықталды. Бұл туралы Физика-математика факультетінің оқытушысы Советбай Елубаевтың «Қазақтың байырғы қара есептері» атты оқу құралында кеңінен қамтылған.

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Ләззәт Әділбекованың «Әр жылдар ойлары» еңбегінде Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменов сынды ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының әдеби-мәдени мұраларына талдау жасалып, ана мен отбасы құндылықтары, қыз бала тәрбиесі сөз болады.

«Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» монографияда Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Сағира Оданова мемлекеттік тілдің коммуникативтік құрылымындағы өзгерістердің концептуалды мәселелеріне мән берген. Сондай-ақ, кітапта қазақ тілі де әлемдегі басқа тілдер сияқты дамитын, қоғаммен бірге тыныстайтын, жаңғыруға бейім тірі ағза ретінде қарастырылған.

Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің доценті Бибігүл Иманбекованың «Қайшылықты кезең қайраткері» атты монографиясы қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі, 1937 жылғы репрессия құрбаны, белгілі қоғам қайраткері Н. Сырғабеков туралы баяндайды. Сонымен қатар, аталған автордың «Саясаттану» оқу құралы қоғамдық-гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту, мемлекеттің жүргізіп отырған идеологиясын жастарға дұрыс түсіндіру мақсатына арналған.
Педагогика-психология факультетінің оқытушылары Шолпан Таубаева, Гүлнар Мұратбаева және Сайра Жиенбаеваның авторлығымен шыққан «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» оқулығында қазіргі заман білімгері үшін қажетті педагогикалық зерттеулерді жүргізу мен ұйымдастырудың әдістері, заманауи зерттеу құралдарын тиімді қолдану, педагогикалық зерттеудің сапасын зерттеу өлшемдері және әдіс-тәсілдері кеңінен сөз болады.

Аталған авторлар тобының «Педагогикалық өлшемдердің теориялық негіздері» атты оқулығы қазіргі заман педагогикасының жана саласы – әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы педагогикалық өлшем, оның мәні мен мақсаты, әдіснамасы, технологиялары, инновациялық ізденістер туралы тұңғыш кітап. Ал Гүлнар Мұратбаеваның «Кәсіптік педагогика» оқу құралында болашақ педагог мамандарды кәсіби іс-әрекетке даярлау жүйесінде қажетті педагогикалық қағидалар мен құбылыстарды игертудің заманауи педагогикалық технологиялары, кәсіптік білім берудегі инновациялық үдерістер сөз болады.

Педагогика-психология факультетінің оқытушысы Ш. Таубаеваның «Педагогиканың философиясы және әдістемесі» оқулығында жаңа тұрпаттағы педагогтің ғылыми-зерттеушілік мәдениетін қалыптастырудың авторлық тұжырымдамасына сәйкес педагогика ғылымының философиялық және әдіснамалық негіздері, пәнаралық байланысы қамтылған.

Сайра Жиенбаеваның «Мектепалды балаларының еңбек іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастырудың теориясы мен әдістемесі» монографиясында автор өзінің көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмысының және жеке тәжірибесіне негізделе отырып, мектепке дейінгі және бастауыш мектепте балаларды еңбекке баулуды қазіргі таңдағы еңбек нарығы талаптарымен ұлттық салт-дәстүрлерді ұштастырып ұйымдастырудың жолдарын көрсетеді.

Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында университет оқытушысы М. Қанабекованың қосалқы авторлығымен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 1-томы, Жаратылыстану факультетінің профессоры К. Мамырова мен Е. Төлегеновтың «Қолданбалы география», Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің доценттері Жамал Әшірбекова мен Ердәулет Берлібаевтың «Отан тарихының тарихнамасы мен деректемесі», оқытушылар Л. Әділбекованың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы (1900 – 1940 жж.)», А. Жұбандықованың «Бастауыш сынып оқушыларының өлкетану іс-әрекетіне құндылық бағдарын қалыптастырудың ғылыми негіздері», С. Оданованың «The law of conservatіon іn the Kazakh language», «Философия и методология педагогики» және Г. Даниярованың «Let’s develop readіng and speakіng skіlls» атты оқу құралдары шықты.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Қызықты
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер