"Сайлау алдында...". Елімізде жүргізілген арнайы операцияға қатысты тың дерек жарияланды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы және Шымкент қалаларында өткізген арнайы операциясына қатысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оңтүстікте қару сатумен заңсыз айналысушылар ұсталды. Арнайы қызмет өкілдері Шымкентте тапа-тал түсте қару-жарақ саудасына қатысты 33 жастағы Константин Дрейлингті ұстады. Ол бұзақылық жасағаны үшін бұрын екі рет сотталған. Ол арам ойын жүзеге асыру кезінде үнемі қару-жарақ асынып жүреді екен. Мұнысы полицейлерге әуелден аян. Сондықтан түрмеден шықса да оны құқық қорғаушылар көзден таса қылмаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қару-жарақ контрабандасымен айналысатындарды тыңғылықты зерттеген. Константин Дрейлинг ұйымдасқан қылмыстық топтың белді мүшесі болып шыққан. Басқаша айтқанда, Шымкентте отырып қару-жарақ сатып алушылармен байланысқа шығатын менеджер рөлін атқарған. Автомат, тапанша іздегендермен тікелей келіссөз жүргізетін.
"АК-47 автоматының жаңа моделін сатамын. Оған сұраныс көп. Әсіресе, пластиктен жасалған нұсқасы ыңғайлы", - дейді ол..
Қылмыс әлемінің серкесі Руслан Ибрагимов тырп етпестен ұсталды. Ал оның Ёська есімді досы түрмеде отыр. Бұрын екеуі оңтүстіктегі бизнесмендерді қорқытып-үркітіп ақша алып, кейбіріне «қарызын қайтаруға» көмектескен. Салафиттерге қосылған Ибрагимов қару-жарақ саудасын қыздырған. Оны аңду ісі ұзақ жүргізіліпті. Тіпті оны өзі сезбеді. Жан-жақтан жинастырылған айғақтар оған ауыр жазаға тағайындауы мүмкін. Ол біреуге Калашников автоматын 3000 долларға сатып отырған жерінен ұсталды. Оған қоса бұлар атыс-шабысты тегін үйретеді екен. Ал, сақалды Юрий Разин де қару сататындардың бірі. 31 жастағы шымкенттік тұрғын қаланың қақ ортасында сатқан автоматтардың жарты ақшасын алып жатқан жерінде ұсталды. Оған дейін тапсырыс берушімен жарылғыш заттарды жеткізетінін талқылады. Сұранысқа ие Калашников автоматын әкелуге 3 апта кететін де жасырмады.
Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топ пен Алматыда Исмаил Жұмаевтың тағы бір сыбайласы қолға түсті. Ол - Назир Бекиров Сәкен Борановқа қару-жарақты тасымалдап отырғанын айтады.
Дәл осыған ұқсас операция Алматыда Президент сайлауының алдында өтті. Маусымда Жұмаевқа соққы беріліп, гранаталар, оқ-дәрілер мен пулеметтер тәркіленді. Қару-жарақ сатушы 1 тапаншаны 600 долларға бағалаған. Артынша мафияның басшысы мінген көлік дереу тоқтатылып, өзі тергеу изоляторына тоғытылды.
Заңсыз қару сатумен айналысатындар сатқан құралдарда есеп жоқ. Таралып кеткен арсеналмен елде соғыс ашуға болады. Бұл жағдай бәрін алаңдатады. Сондықтан еліміздегі барлық қалада ұлттық қауіпсіздік комитеті күні-түні жедел операция жүргізіп жатыр.