Құрбан айт: Нұр-Сұлтанда қасапшыларға арналған тренинг өтті

Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінде "Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс" атты семинар-тренинг болып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен семинар барысында Бас шаһардағы құрбан шалатын орындарда қызмет атқаруға тиісті азаматтар қатысып, тәжірибе жинақтады.
Алқалы жиынға ҚМДБ-ға қарасты "Халал Даму" ЖШС директоры Әнуар Ізімбайұлы, Нұр-Сұлтан әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Әділет Төлеутайұлы, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Әшім Әбілқадырұлы сынды жауапты мамандар шақырылып, семинарға қатысушы 30-дан астам қасапшы азаматтарға шариғат талаптарына сәйкес мал союдың жөн-жосығы түсіндірілді. Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.
Айта кетейік, биылғы Құрбан айт мерекесінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша құрбан шалатын 7 орын бекітіліп отыр. Аталмыш орындар арнайы санитарлық тексеруден өткізіліп, айтулы мерекеге сақадай-сай әзірленген.
Бұған қоса, бұл жерлерде діни рәсімдер атқаруға Елордамыздағы 30-дан астам діни қызметкер бекітілген.