Жаңалықтар тізбегі
0

Ислам Әбішев кәсіби провокатордың құрбаны ма?

otyrar.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.10.2019 23:33 otyrar.kz
Пара ретінде сұралған және берілген ақша сомаларының сәйкессіздігі бар.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер сотының судьясы Қ.М.Мекемтасқа қорғаушы Абзал Құспанның қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішінде Шаймерденовтың әдейі арандатушылықпен айналысып, Әбішевты пара алуға итермелегені туралы айтылады.

Ислам Әбішевке тағылып отырған "пара алуға оқталу" айыбы бойынша, сотталушылар Әбішевке де, Тукиевке де қылмыстық істер келесі негіздер бойынша қысқартылуға жатады деген қорғаушы айыптау жағы негізгі дәлелдеме ретінде сотқа ұсынып отырған дәлелдерді саралайды:

Құрметті сот!

Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісінде негізге алған дәлелдемелер қатары мыналардан тұрады; 1.арызданушы А.Шаймерденовтің, 2.куәлер А.Жампозовтың, Қ.Шындаулетовтың жауаптары, 3.сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы және секвестр (қаржыны қысқарту туралы әңгіме). Тізімде көрсетілген қалған куәлер мен дәлелдемелерге жасалған сілтемелердің, әдеттегідей іске ешқандай қатысы жоқ, тіпті жанама дәлелдемелік күші жоқ.

1) Арызданушы А.Шаймерденов, ол кәсіби провокатор және Ұлттық Бюрода құпия қызметте тұрған сексот деп есептеймін! Оған дәлел оның бұрын қаржы полициясында қызмет атқарғаны, жеке басына, отбасына қатысты бірде-бір мәліметтің ҚАжАЕАК (КПСиСУ) сияқты мекемеде болмауы.

2) Стенограмма жазбаларында бірде-бір рет не Әбішевтің ақша сұраған, не имитация бойынша пара беруші тарап "Қазбайлық" ЖШС-нің бірде-бір өкілінің "пара берейік" - деп ұсыныс жасаған жазбасы жоқ. Басынан бастап аяғына дейін А.Шаймерденов екі жаққа да өзінің қызметін ұсынып жүреді. Мысалы, "Қазбайлық" ЖШС басшыларын танитын Макишевке (Макишевтың Қазбайлыққа тікелей қатысы жоқ) "Ислам Алмаханович Қазбайлықтан ақша сұрап жатыр" деп ақпарат береді, ол өз кезегінде "Қазбайлыққа" іс жүзінде қатысы бар, бірақ құжат түрінде рәсімделмеген өкілі Тюлегеновке айтады. Тюлегенов пара беруге (тергеуші Қаулысынан сөзбе-сөз) "пара беру ойында болмаса да, басында келіскендей сыңай танытып, кейін бас тартады", яғни пара беруден бас тартады! Шаймерденов соған қарамастан Ұлттық Бюроға арызданып, онда "Әбішев "Қазбайлықтан" өзі арқылы пара талап етіп жатыр" деп көрсетеді. Алайда, бірде-бір стенограммада Әбішевтің Шаймерденовтен ақша сұрағаны туралы бір де бір сөзі жоқ!

Осы жерде анықтама үшін; 1. тергеу органдарының версиясында Әбішев Шаймерденовке "Қазбайлықтан" ақша сұрауды 2018 жылдың қазан айында тапсырған (алайда ол тек қана Шаймерденовтың сөзі, ол кезде ОРМ жүргізілген жоқ, ешқандай басқа дәлелдеме жоқ), 2. "Қазбайлық" ЖШС мен Әбішев басқарған "Су ресурстары Комитеті" арасында келісім-шарт 14.11.2018 жылы ешқандай проблемасыз жасалады. 3. Ал Шаймерденов тек қана 22.12.2018 жылы Ұлттық бюроға арызданады (том 1, 49 б)!

3) Әбішев пен Шаймерденов арасында ақшаға қатысты әңгіме екі ақ жерде айтылады, 1. "Риксос" қонақүйінде 20.01.2019 жылы, 2. Нұр-Сұлтан Шымкент бағытындағы ұшақта 07.03.2019 жылы.

Бірінші жағдайда, Әбішев Шаймерденовке "Қазбайықтан" өзінің ақша алғаны, сұрағаны жайлы әңгіме тарап кеткені жайлы айтып, оған ренішін білдіреді, өзіне ешқандай ақша керек емес екенін, абыроймен пенсияға кетуі туралы айтқанын айтады, Шаймерденов болса Әбішевтің сөздерін растаумен болады (стенограмма үзіндісі жалғанды).

Екінші жағдайда, арада екі айдай уақыт өте, яғни Нұр-Сұлтан Шымкент бағытындағы ұшақта 07.03.2019 жылы Шаймерденов алдын-ала дайындалып, Әбішев ұшатын ұшаққа бірге билет алып, жасырын жазып алу құралдарын тағып, Әбішевтің қасына отыруға рұқсат сұрап, ақша туралы өзі әңгіме қозғайды, яғни өзі ақша ұсынады, оған Әбішев дұрыс жауап қайтармайды.

Осы жерде маңызды мәселе, Шаймерденовтың әдейі арандатушылықпен айналысып, Әбішевты пара алуға итермелегені! Себебі, соңғы 20.01.2019 ж. кездесуден кейінгі Әбішев Шаймерденовпен бірде-бір рет кездеспеген, оған телефон соқпаған, басқа да жолдармен мазаламаған! Осы 07.03.2019 жылғы кездесуге дейін, Әбішевтің Шаймерденовтен ақша сұраған немесе Шаймерденовтың оған ақша ұсынғаны туралы бірде-бір жазбасы жоқ, ал АЖІШ (СОРМ) 20.12.2018 жылдан үздіксіз жүргізілді!

Бұнда жағдайда, Шаймерденов Әбішевтің Шымкенткен ұшатынын алдын-ала біліп, соған әдейі билет алып, өзі сұранып қасына отырып, Әбішевтің үнсіз қалғанына қарамай, өзі бастама көтеріп қайта-қайта ақша ұсынуы арандатушылық. Ал, ҚР "Жедел іздестіру қызметі туралы" ҚР Заңының 15 бабымен (сөзбе-сөз) "азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және арандатуға" тікелей шектеу қойылған!

2. Куә Асылжан Жампозов.

Аталған куә бірнеше рет жауапталған (т. 16, беттер 40-45, 53-55,

К.Әбішевпен беттестіруі 59-61, т. 28, беттер 48-49, 160-161), оның жауаптарына сенсек іс бойынша 4 күдіктінің (екеуіне қатысты тергеу соңында қысқартылды) бәрі де онымен жасап қойған және жасағалы жатқан қылмыстары туралы ақылдасады екен. Атап айтқанда, И.Әбішев бұрын Шаймерденовтен 1 млн АҚШ доллары көлемінде ақша алғаны, сосын Шаймерденов арқылы 60 млн теңгені пара ретінде алғалы жатқаны туралы оған ағынан жарыла айтып, онымен "ақылдасады". Басында күдікті болып танылып, кейін қысқартылған Қ.Шындаулетов пен К.Әбішев те (И.Әбішевтің інісі) Жампозовпен Шаймерденов туралы "ақылдасады". Іс бойынша екінші күдікті Тукиев те дәл осы Асылжан Жампозовпен Шаймерденовтен қалай ақша алу туралы "ақылдасып" отырған!

Куә Жампозовтың жеке басына келетін болсақ, ол жасы сол кезде (2018 жылы) 33-те (09.12.1984 ж туған) жас жігіт, И.Әбішев те, С.Тукеев те, Қ.Шындаулетов пен К.Әбішев те оның қатары емес, жастары едәуір үлкен адамдар, осылардың бәрі Жампозовқа келіп өздерінің кімнен қашан, қандай сомадағы пара алатыны туралы ақпаратпен бөлісетіні ақылға сиымсыз. Бұл тергеу тарапының іс бойынша тікелей дәлелдері болмағандығы себепті, Жампозов сияқты қосалқы куәлер арқылы айыптау дәлелін күшейту әрекеті. Жампозовта Шаймерденов сияқты бұрын полиция қызмет еткен!

Куә Қ.Шындаулетов тек қана ең соңғы жауабында ғана ол ақшаны алуды өзіне К.Әбішевтің тапсырғанын айтып жауап береді (т. 28, беттер 71-84). Бірақ, бір де бір жауабында да Ислам Әбішевке қарсы жауап бермеген!

4) Сот психологиялық-филологиялық сараптамасы (СПФС) том 8

Сараптама қорытындысының сапасы сын көтермейді, сараптама қорытындыларында сәйкессіздектер мен қарама-қайшылықтар көп. Мысалы, №1351 сараптаманың синтездеу бөлігіндегі Шындаулетовтың сөздері аз болуы себепті, оның пара алуға итермелеу бөлігінде анықтау мүмкін еместігі және құқықтық баға беруге жататыны себепті, СПФС міндетіне жатпайтыны туралы жазылады да, алайда қорытынды бөлігінде СПФС міндетіне жатпайтыны туралы бөлігі қалып қойған. №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлгінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының келісімнің 10% болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасаған. Біріншіден, сарапшының қорытындысы болжамға негізделмеуі керек, екіншіден, ақша сомасының шыққан тегін анықтау немесе келісімнің қанша пайызына жататыны туралы тергеуші тарапынан сұрақ қойылмаған, соған қарамастан сарапшы Кудайбергенова қойылға сұрақ шеңберінен асып кеткен. Осы сұрақтың зерттеу бөлігінде, Әбішевке тиесілі емес сөзді сарапшы жазып қойған, ондай сөз стенограммада жоқ. Осы сараптаманың №10 сұрағын зерттеу бөлігінде бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырым жасалған, 1. Тараптардың әңгімесі бір-біріне түсініксіз 2. бір-біріне түсінікті деп, қорытындыға жеткілікті негізделмесе де, екінші кетіп қалған. №1348 санда сараптаманың 5-58 сұрақтарын біріктіре жауап берген сарапшы зерттеу бөлігінде негіздеп, нақты сөздерден мысал келтірмеген т.б.

СПФС бойынша сараптама жүргізу барысында методика сақталмауы себепті, оны рецензиялау туралы менің тарапымнан өтініш берілді.

Одан басқа, тергеу жағының тағайындаған сараптамасына басынан бастап, қорғау тарапынан сенімсіздік тууы себепті, қорғау жағы да СПФС-на тапсырыс беріп қойды.

СПФС өткізілген осы әңгімелерге қатысты И.Әбішевтің секвестр жасаймын деген әңгімесін тергеу органдары дәлел ретінде Жаңа Қаулыда көрсетіп қойған. Алайда, секвестр туралы КВР қызметкерлері Калиева, Бекетаев т.б. бірнеше куә нақты көрсеткен. Оған сәйкес, секвестр туралы тапсырма қаржы министрлігінен түскен және оған жаңадан қызметін бастағалы отырған екі ЖШС түсуі мүмкін болған, оның бірі "Қазбайлық", екіншісі "Бәймен". "Қазбайлық" ЖШС не үшін өздерімен 2019 жылға қосымша шарт жасаспай отырғаны туралы хатына КВР қызметкерлері секвестр болуы мүмкін екендігі туралы жауап берген, ал "Бәймен" хат жазбағаны себепті, оларға ондай хат жолданбаған. Бұл айтылғандар және құжат түрінде де толық дәлелін тапқан. Сондықтан, секвестр туралы әңгіменің пара алуға еш қатысы жоқ!

Бұлардан басқа тергеудің версиясын дәлелдейтін дәлелдемелер жоқ, ал аталған дәлелдемелердің өздері (пара беруші А.Шаймерденовтен басқасы) И.Әбішевке тікелей қатысы жоқ, жанама роль ғана атқарады!

Тергеудің айқын кемшіліктері туралы;

1. Пара беруші

Тергеудің имитациясы бойынша "Қазбайлық" ЖШС, алайда оның өкілдерінің И.Әбішевке қатысты ешқандай арыздары жоқ, себебі Әбішев басқарған Комитетпен арада келісім-шарт жасалды және жұмыстарына ешқандай кедергі болған жоқ, яғни олардың құқықтары бұзылмаған. Сонымен қатар, пара беру туралы ойлары да болмаған! Сонда Шаймерденов қанда мақсат көздеп, өз ақшасы және Ұлттық Бюро есебінен, бірақ "Қазбайлық" атынан пара бермекші болып жүр?!

2. Пара ретінде сұралған және берілген ақша сомаларының сәйкессіздігі.

Параның сомасы туралы сәйкессіздіктер іс барысында шешілмеген, атап айтқанда, іс бойынша пара сомасы ретінде және оған қатысты мынадай суммалар айтылады; 250 млн теңге, 1 млн АҚШ доллары, 190 млн теңге, 60 млн теңге, 10 млн теңге, 80 млн теңге, 50 млн теңге. Соның ішінде Шаймерденовтың жалаң сөздерінен ғана белгілі "бұрын Шаймеренов басқаратын "СМП 610" ЖШС Әбішевке 1 млн АҚШ долларын берді" деген әңгіме бойынша ешқандай дәлел-дәйек жоқ! Шаймерденов арыз жазғаннан кейін Әбішевпен бірнеше рет кездесіп сөйлессе де, ол туралы бірде-бір сөз айтпаған! Одан кейін, 10 млн теңге ақша "Қазақ күресі" федерациясына спонсорлық көмек ретінде берілгені, ол ақшаның толығымен сол мақсатқа жұмсалғаны да тергеудің өзі тарапынан жасалған аудит (т. 25 беттер 69-138), федерация қызметкерлерін, атқарушы директор болған, күдікті С.Тукеевты жауаптау арқылы толық өз дәлелін тапты! Ақшаны алу барысында ұсталған Қ.Шындаулетов Шаймерденовтен 80 млн теңе алмақшы болады, ал Шаймерденов 50 млн алып келген болатын...

Одан басқа параның "Қазбайлықпен" комитет арасында жасалған шарттың пайызы туралы да екі түрлі дерек көрсетілген. Мысалы, Шаймерденовтың жауаптарымен күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы Жаңа Қаулыда пара сомасы жасалған шарт суммасының 4-5 пайызын құрайтыны көрсетілсе, №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлгінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының шарттың 10% болуы мүмкін екендігін көрсеткен.

Осы сәйкессіздіктердің ешқайсысы да тергеумен жойылмаған!

3. Неге АЖІШ (СОРМ) жалғастырмаған?

Тағы бір түсініксіз жері, тергеу органдары не себепті ақшаның И.Абишовке жеткенін күтпей, яғни негізгі мақсаттары орындалмай, орта жолдан операцияны тоқтатып тастаған? Себебі үш айдан бері АЖІШ (СОРМ) жүргізу барысында жедел уәкілдердің ол ақшаның Әбішевке берілмейтініне көздері толық жетті! Оның мысалы, параның бірінші бөлігі болып саналатын, Тукеевке берілген 10 млн теңге жоғарыда көрсеткенімдей толығымен (!) "Қазақ күресі" федерациясына, спортшылардың Голландияға іссапарға барып-келуіне жұмсалды, Тукеев 10 млн теңгені Әбішевке апарып бермек түгілі, оған телефон соғып ақшаны алғаны туралы айтқанда жоқ! Сондықтан, жедел уәкілдер операцияны іске еш қатысы жоқ тұлға (оған қатысты іс қылмыс құрамы болмауы себепті тоқтатылған) Қ.Шындаулетов ақшаны алған сәттен тоқтатып тастады, өйткені Шындаулетов басқа ақша сомасын айтып отыр (80 млн деп) және Шаймерденов оған біраз уақыттан бері қарыз. Әйтпесе, Қ.Шаймерденов пен Каныбек Әбішевке қатысты АЖІШ (СОРМ) жүргізуге сот санкциясы 13.03.2019 жылы бір айға берілген болатын, тергеу органдары бір ай бойы параның адресатқа жетуін қадағалауға толық мүмкіндіктері бар еді. Алайда, параның алғашқы бөлігі (10 млн) мақсатты жұмсалғасын, екінші бөлігі А.Шаймерденовтың Қ.Шындаулетов алдындағы қарызы үшін кетіп қалатынынан, яғни И.Әбішевтің пара алмайтынын білгендіктен тергеу органдары АЖІШ (СОРМ) тоқтатуға мәжбүр болды.

Құрметті сот! Бұндай дәлелдермен кез-келген адамды соттап жібере беретін болсақ, онда Қазақстанда сот әділдігі деген ұғымның болмағандығы деп білемін. Осы аталғандардың негізінде, Сізден сотталушылар И.Әбішевке және С.Тукиевке қатысты қылмыстық істі алдын-ала тыңдау барысында, олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартуыңызды сұраймын, дейді қорғаушы Абзал Құспан.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: